Халықаралық Түркі академиясының басшысы Моңғолия елшісімен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Лувсангийн Баттулгамен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық аясында атқарылып жатқан жұмыстар барысын талқылады. Сонымен қатар, кездесуде Моңғолияда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстардың нәтижесі және алдағы уақыттарда бірлесіп атқарылатын жобалар бойынша пікір алмасты.
Елші мырза Академия жұмысына ризашылығын білдіріп, жоспарланған істерге сәттілік тіледі.
Өз кезегінде Дархан Қыдырәлі Моңғолия елшісіне Академия басып шығарған іргелі ғылыми еңбектерді тарту етті.
Айта кету керек, бүгінге дейін Халықаралық Түркі академиясы алтаистика және моңғолтану бағытында отыздан астам еңбек дайындап, «Алтаистика, түркология, монголистика» журналын тұрақты шығарып келеді.