Халық санағы-2021: Жауаптың бірізді болуы жүйемен бақыланады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халық санағы - ел халқының демографиялық, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы ақпаратын жинау, өңдеу, жариялау, тарату мақсатындағы жалпымемлекеттік статистикалық шара. Санақ - халық туралы мәліметті «лезде көру» мүмкіндігін береді. Халық санағында белгілі аумақтағы халықтың саны, құрылымы, әлеуметтік-экономикалық сипаты туралы ақпарат жиналады. Қазақстанда ұлттық халық санағы әр 10 жыл сайын өткізіледі. Биыл елімізде өткізіліп жатқан халық санағына қатысты мәліметтермен «Халық санағы-2021» ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы сұхбат барысында бөлісті.
- Жалпы онлайн санақтан өтудің реті туралы айтып кетсеңіз?
Ең бірінші sanaq.gov.kz сайтын ашу керек. Сосын тіркеуден өту керек. Тіркеуден өту аса қиын емес. Онда респондентті қосу деген тетік болады. Яғни бір үйде тұрған бірнеше адам бір тіркелгеннен кейін бір парақтың аясында өтуі мүмкін. Яғни бір кісі отбасындағы басқа адамдар үшін де толтырып, жауап бере алады. Осылайша, өзге отбасы мүшелеріне бір тіркелген соң, қайта тіркелудің қажеті жоқ. Онлайн өту кезінде ең негізгісі осы.
- Санақ кезінде ықтимал алаяқтар мен ұрылардан қалай қорғану керек?
Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде әр түрлі хабарлар тарап жатыр. Онда әлдекімдердің халық санағына қатысты үй аралап жүргені айтылған. Осы жерде тұрғындарға айтарымыз, санақ интервьюлері қазір үй аралап жүрген жоқ, санақ казір тек онлайн түрде өтіп жатыр.
Интервьюер үйді тек 1 қазаннан бастап аралайды. Олардың жүретін уақыты 1 қазаннан 30 қазанға дейін.
Ал 1 қырқүйектен басталған санақ - ол тек онлайн шара, соны мықтап есте сақтаған жөн.
Ал интервьюер келген кезде оны қалай тануға болады десеңіз, оның мойнында көк шарфы және көк сөмкесі бар. Сосын халық санағының логотипі бар планшеті болады. Санақ жүргізетін интервьердің арнайы бэйдж куәлігі де болуы керек. Бэйджде интервьердің аты-жөні, суреті, аумақтық статистикалық бөлім бастығының қолы мен мөрі басылып және сол құжаттың тіркеу нөмірі болады. Санақ сайтында интервьюерді іздеу деген тетік бар, сол жерге арнайы тіркеу нөмірін енгізген кезде, интервьюер туралы жеке мәліметтер шығады. Егер ондай мүмкіндіктер болмаса, 1446 нөміріне хабарласу арқылы нақтылап алуға болады.
Онлайн санақты өтіп болғаннан кейін азаматқа хабарлама келеді. Сол хабарламаны сақтап қойыңыз. Үйіңізге интервьюер келген кезде хабарламаны көрсетесіз. Сонда ол санақ парағындағы сауалдарды сізге қайталап қоймайды. Санақтан қайта өтудің қажеті жоқ. Интервьер сол хабарламамен танысып, тіркеп, келесі үйге кете береді.
- Санаққа қатысты тұрғындардың ең көп қоятын сауалдары қандай?
Азаматтардың санақ кезінде ең көп қоятын сауалдары туралы айтатын болсақ, мысалы, онлайн сұраққа жауап таңдаған кезде сұрақтың жауабы сәйкес келмейді деген қызыл жолақ шығып, парақ ары қарай ашылмай қалады. Бұл неліктен болуы мүмкін? Санақ сауалдары арасында бір-бірімен өзара байланысты сауалдар кездеседі. Яғни сіз бір сұраққа жауап беріп, екінші ұқсас сауалға оған басқаша жауап берсеңіз, онда жүйе оны бірден аңғарып, сізге белгі береді. Яғни, бұл жауап осыған дейінгі жауапқа сәйкес келмейді деген белгі беріледі.
Осылайша, адами фактордың жолы кесіледі, яғни жауаптың бірізді болуы жүйемен бақыланады. Бұл жерде сіз мәжбүрлі түрде бір жауапты таңдаңыз деген әңгіме емес, яғни осыған дейінгі жауапта сәйкестік болмағанын көретеді. Мысалға, 13 сұрақта бар, сіздер қай тілді меңгергенсіз деген сұрақ бар, оның ішінде бірнеше тілді таңдауға болады, оның ішінде қаза тілі, орыс, ағылшын және басқа да тілдер бар. Егер сол жерде сіз қазақ тілін таңдаған болсаңыз, келесі сауалда сіз мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолданасыз ба деген нақтылаушы сауал бар. Егар сіз мемлекеттік тілді білмеймін деп жауап берсеңіз, ол сонда бұрынғы сұрақпен қайшылықты бірден байқап, сізге белгі береді. Өйткені сіз осыған дейін басқаша жауап бердіңіз. Ең көп қойылатын сауалдар реті осындай.
Біз өзіміз де күнделікті түсіндіру жұмыстарымен айналысып, санақ барысына қатысты БАҚ-қа баспасөз баяндарын таратып, барынша жан-жақты ашық ақпарат беріп отырамыз.
- Ұлттық санақты өткізу үшін қанша адам уақытша жұмысқа тартылады?
Санақтың бірінші кезеңі өтті, енді екінші кезеңі басталып жатыр. Интервьюлерге қатысты жұмыс 1 қазаннан басталады. Жалпы саны 32000 аса интервьюер жұмысқа тартылады. Олардың қатарына 18 жастан асқан, вакцина алған, планшет, компьютермен жұмыс істей алатын, адамдармен тіл табыса алатын азаматтар тартылатын болады. Олардың әрқайсымен келісімшарт бар, олар, яғни, тегін жұмыс істемейді. Белгіленген еңбекақысы болады. Одан бөлек олар тұрғындардан алған жеке мәліметтерді өзге ешкімге жарияламау, яғни таратпау туралы келісімге де қол қояды. Азаматтардың жеке мәліметтерінің сақтығы біз үшін маңызды, сондықтан интервьюлермен арнайы келісім қарастырылған. Яғни, арнайы жауапкершілік бар.
- Жалпы онлайн санаққа қатысуда халықтың белсенділігі қандай?
Онлайн санаққа қатысуда халықтың белсенділігі жақсы деп айтуға болады. Мысалға, 6 қыркүйекті алатын болсақ, сағат 16.00-дегі жағдай бойынша 367 мыңнан аса тұрғын онлайн санақтан өтті. Оның ішінде, мысалы, sanaq.gov.kz сайты арқылы 324 мыңнан аса, еgov порталы арқылы 34839 адам және Аitu мобильді қосымшасы арқылы 7800 ден аса адам өтті.
- Санақ сауалдары арасында пандемияға қатысы сауалдар бар ма?
Пандемияға қатысты сауалдар реті қосылды. Мысалы, Ковид-19-бен ауырған болсаңыз, медициналық мекемеге жүгіндіңіз бе деген сауал бар. Сондай-ақ ауру ПЦР тестпен анықталған ба, әлде сіз өзіңіздің сезіміңіз бойынша айтып тұрсыз ба деген сияқты нақтылау сұрағы бар.
Санақ сауалдарымен sanaq.gov.kz сайтында толық танысуға болады.
- Ұлттық санақ туралы барлық ақпаратты 1446 байланыс орталығы арқылы алу тәулік бойы жүзеге асырыла ма?
Барлық сауал бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін. Байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді, кез келген уақытта хабарласу мүмкіндігі бар.
- Сұхбатыңызға рахмет!