Бүгiн 2026, 09:52 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Halyk пен Alatau City Bank Алатау қаласын дамыту үшін серіктестік орнатты

Меморандум аясында жасанды интеллект, финтех, цифрлық активтер, «ақылды қала» технологиялары мен жоғары технологиялық өндірістерді дамыту көзделген.

Halyk Bank, Alatau City Authority және Alatau City Bank Қазақстандағы жаңа инновациялық орталық ретінде қалыптасып жатқан Алатау қаласын кешенді дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құжатқа Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров, Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова және Alatau City Bank директорлар кеңесінің төрағасы Қуат Қожахметов қол қойды.

Келісімге қол қою Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған Алатау қаласын дамыту жөніндегі міндеттерді іске асырудағы кезекті қадам болды. Мемлекет басшысы бұған дейін Алатауда инвестицияларды, таланттарды, технологияларды және жаңа өндірістерді тартатын заманауи инновациялық экожүйе қалыптастырудың стратегиялық маңызын бірнеше рет атап өткен болатын.

Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, Алатау қаласы Қазақстан экономикасының жаңа даму полюсі ретінде құрылып жатыр.

Алатау қаласы инновациялар, технологиялар және кәсіпкерлікті біріктіретін Қазақстан экономикасының жаңа өсу нүктесі ретінде дамып келеді. Бұл мақсаттарға жету үшін мемлекет, қаржы институттары және бизнес арасында берік серіктестік қалыптастыру маңызды. Қол қойылған келісім заманауи қалалық ортаны дамытуға және Алатаудың инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал ететін жобаларды жүзеге асыру үшін тараптардың құзыреттерін біріктіруге мүмкіндік береді, – деді ол.

Меморандум тараптардың кең ауқымды бағыттар бойынша ынтымақтастығын көздейді. Атап айтқанда, жасанды интеллектті дамыту, төмен биіктіктегі экономика, «ақылды қала» технологиялары, заттар интернеті (IoT), WEB3, цифрлық активтер, финтех, нақты активтерді токенизациялау, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымға озық цифрлық шешімдерді енгізу жоспарланған.

Алатау қаласын дамыту Мемлекет басшысы қойған экономиканы әртараптандыру және жаңа өсім орталықтарын қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндеттерге сәйкес келеді.

Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова қаржы институтының бұл бағыттағы жұмысына тоқталды.

Елдегі ең ірі қаржы институты ретінде біз цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға, инновациялық технологияларды енгізуге және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобаларға белсенді қатысып келеміз. Мемлекет, қаржы секторы және бизнес күш біріктірген жағдайда Алатауда тұрақты экономикалық дамуға негіз болатын заманауи экожүйе қалыптастыруға болады деп сенеміз, – деді  Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова.

Бұдан бөлек, тараптар жоғары технологиялық өндірістер, көлік және логистика, туризм, білім беру, ғылым және денсаулық сақтау салаларында да ынтымақтастық орнатуға ниетті.

Серіктестік аясында бірлескен жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасау, инвестициялар тарту, инновациялық технологияларды енгізу және халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи қалалық ортаны дамыту жоспарланып отыр.

Alatau City Bank директорлар кеңесінің төрағасы Қуат Қожахметов бұл жобаның ел үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Біз Алатау қаласын дамыту сияқты ел үшін маңызды жобаға қатысып отырғанымызға қуаныштымыз. Қазақстанда криптоиндустрия мен дәстүрлі банк жүйесін интеграциялау саласының пионері ретінде біз бұл “болашақ қаласын” цифрлық активтерді қоса алғанда, жаңа буындағы қаржылық және технологиялық шешімдерді енгізуге арналған алаң ретінде қарастырамыз. Қол қойылған келісім мемлекет пен қаржы институттарының мүмкіндіктерін біріктіріп, жаңа буындағы жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Мұндай серіктестік Алатаудың дамуын жеделдетіп, оны Орталық Азиядағы ең тартымды инвестициялық және инновациялық орталықтардың біріне айналдырады деп сенеміз, – деді Қожахметов.

Қол қойылған меморандум шеңберлік сипатқа ие. Нақты жобалар мен оларды іске асыру тетіктері кейінірек тараптардың қосымша келісімдері арқылы және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.