Halyk Ақмола облысының әлеумет-экономика дамуына қолдау көрсетпек
Ақмола облысының әкімдігі мен Halyk Bank кәсіпкерлікті дамытуға, әлеуметтік маңызды бастамаларды қолдауға және аймақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді. Құжатқа Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Halyk басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова қол қойды.
Келісім шағын және орта бизнесті қолдау, қаржылық сауаттылықты арттыру, шығармашылық жобаларды әзірлеу мен цифрлық бастамалар сияқты бірнеше салада серіктестікті кеңейтуді көздейді. Сондай-ақ тараптар конференциялар, білім беру іс-шаралары және дөңгелек үстелдер өткізуге дайын екенін білдірді.
Ақмола облысында іскерлік белсенділік аса жоғары және аймақтың айтарлықтай кәсіпкерлік әлеуеті бар. Соңғы жылдары мұндағы бизнесті қолдау үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден айтарлықтай қаражат бөлінді. Агроөнеркәсіптік кешен, өңдеу, сауда және қызмет көрсету саласындағы жобалар қаржыландыруға ие болғанын айта кетейік.
Осы бағдарламаларды іске асырудағы негізгі серіктес – Halyk Bank. Атап айтқанда, көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдікпен несие беруге «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша Halyk Bank аймақтағы ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржыландырудың негізгі бөлігін қамтамасыз етті.
Банк мемлекет саясатының сенімді серіктесіне айналғанын атап өткім келеді. Біз шағын және орта бизнесті қолдау мен ынтымақтастықты жалғастыруға үміттенеміз. Бірлескен жобаларды іске асыру өңірлік даму мен кәсіпкерлік бастамалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін, - деп атап өтті Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Halyk басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова банк бизнесті қолдау бағдарламаларына белсенді қатысып, аймақ үшін экономикалық пайда әкелетін жобаларды қаржыландыруды жалғастыратынын атап өтті.
Біз үшін тек қаржы институты ретінде қалмай, аймақ экономикасын дамытуда серіктес болу маңызды. Кәсіпкерлерді қолдап қана қоймай, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуды, жаңа жұмыс орындарын құратын, бизнесті дамытуға ықпал ететін және адамдардың өмір сүру сапасын жақсартатын бастамаларды қаржыландыруды жалғастыруға ниеттенеміз, – деп атап өтті Үміт Шаяхметова.
Меморандумға қол қою арқылы Ақмола облысының тұрақты дамуын бірлесіп ілгерілетуге және бизнес мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталып отырған мемлекет пен қаржы саласындағы ынтымақтастық арта түседі.