Халқымыздан жасыратын ештеңе жоқ – Қошанов қаңтар оқиғасы туралы

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қаңтар оқиғасы бойынша халықтан жасыратын ештеңе жоқ екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаңтар оқиғасына тура бір жыл толып отыр. Мемлекет басшысы айтқандай, еліміз үшін ол Тәуелсіздік жылдарындағы зор сын-қатер болды, - деді Қошанов.

Ол Мәжілістегі қаңтар қасіретіне қатысты отырыстың тікелей эфирде өтіп жатқанын еске салып. Сөзінше, бұл мемлекеттік, биліктің ашықтығын және осы ауыр мәселені егжей-тегжейлі анықтауға мүдделі екенін көрсетеді.

Халқымыздан жасыратын ештеңе жоқ. Қоғам да шындыққа көз жеткізуі керек деп санаймыз. Отырысқа қаңтар оқиғасының тікелей куәгерлері, қоғамдық тәртіпті қорғаған, зардап шеккен, өз кәсібінен айырылған қарапайым азаматтар да қатысып, сөз сөйледі. Олардың әңгімесінен біраз жайтты қаз қалпында көз алдымызға келтіре алдық. Меніңше, қаңтар оқиғасының нақты жоспарланған ауыр қылмыс екенін дәлелдейтін фактілер жеткілікті айтылды. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күні қаңтардағы қайғылы оқиғалардың негізгі себеп-салдары белгілі деуге болады, - деп айтты Мәжіліс спикері.

Қошанов қаңтарды ұйымдастырушылардың көздегені қантөгіспен болсын, қандай да жолмен билікті басып алу болғанын айтты. Мәжіліс қабырғасында көрсетілген қарулар мен айғақтар бүлікті ұйымдастырушы топтың осы пиғылын анық дәлелдеп отыр.

Олар өз дегендерін жүзеге асыру үшін бейбіт халықты қалқан етті, аңғал жастарды адастыруға тырысты. Бұл ашығын айтқанда Тәуелсіздікке жасалған қастандық болатын. Бірақ халқымыздың ақыл, парасаты мен бірлігі, Президентіміздің ерік-жігерінің арқасында біз мемлекеттігімізді сақтап қалдық. Бүлікшілердің басты мақсаты – халықты үрейлендіріп, қоғамды аласапыран қылып, Президентті қызметінен кетуге мәжбүрлеу еді. Мен Мемлекет басшысының осындай қиын жағдайда мойнына ауыр жауапкершілік алып, батыл шешімдер қабылдағанына куә болдым, - дейді Ерлан Қошанов.

Ол осындай сын сағатта Тоқаев «мемлекет құламайды» деген бір ауыз сөзімен халыққа рух беріп, үндеу жариялап, мемлекетті бұрын-соңды болмаған қиын жағдайдан алып шыққанын айтты. Ең бастысы елдің туы жығылған жоқ. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы