Халқымыз тамақты кредитке алып жатыр – депутат
Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт азық-түлікті қарыз дәптерге жаздырып алатындарға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, депутат азық-түлік алуға өзі бармайды.
Азық-түлікке келіншегім барады. Кейде белгілі бір жағдайға байланысты ақша қажет болып қалған кезде қарызға ақша сұрайтын кездерім болады. Қарызға алу бүгін ғана көбейген мәселе емес деп ойлаймын. Халқымыздың KASPI RED-пен тамақ алып жатқанын былтыр да айтқан едім. Ол сол кезде басталған мәселе. Қазір саны көбейген шығар, - дейді депутат.
Зайыттың ойынша, қарызға азық-түлік алу бұрыннан бар және әлі тоқтамай отыр.
Мен тіпті тамағына әрең жеткізетін халық, киімді қалай алып жатқанына таңғаламын, - дейді мәжілісмен.
Журналистің “Азаматтардың тамақты қарызға алуы қаржылай сауатсыздықтың ба, әлде жалақының аздығынан ба?” деген сұрағына депутат былай деп жауап берді.
Дүкеннен нан сатып алу үшін ешқандай сауаттылықтың қажеті жоқ. Ал нанның бағасы күннен күнге өсіп жатса, ол тұтынушының, халықтың кінәсі емес, - деп айтты Ринат Зайыт кулуарда.
Оның сөзінше, халықта ең кемі 300 мың теңге жалақы болуы керек.