Халің қалай, қазақ сарбазы?
Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін еліміз 7 мамыр Отан қорғаушылар күнін атап өтуде. Бұл күн мемлекеттік мереке ретінде бекітілген.
Осыған орай Қостанай қаласында орналасқан № 6697 әскери бөлімінде болып, Отан алындағы борыштарын абыроймен атқарып жатқан қазақ сарбаздарының жай-күйімен танысып қайттық.
Бөлімде өз борышын өтеп жүрген сарбаздардың басым бөлігі–еліміздің өзге облыстарынан келген жауынгерлер. Олар Қостанай қаласының тыныштығын қырағылықпен күзетіп, еліміздің аумақтық біртұтастығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді маңызды міндеттерді атқарады.
Алдын ала келісім бойынша әскери бөлімге атбасын тіргенімізде таңғы сағат 6-ны көрсетіп тұрды. Сарбаздар ұйқыдан оянып, жататын казармаларын жинастырып, арнайы алаңда дене жаттығу орындайтын алаңға беттеді. Кейбірі мерекеге орай Қостанай қаласының қоғамдық тәртіпті бақылайтын органдардың күшейтілген тәртіпке көшуіне байланысты командирлерінен ерекше тапсырма алып жатыр екен. Сарбаздардың қалғандары мерекелік тәрбие сағаты мен концертке қызу дайындық үстінде.
Бөлімшенің табалдырығын аттағаннан бастап сапта сымдай болып тартылған рухы мықты жас сарбаздар бірден назарды аудартады. Темірдей тәртіп пен өзара түсіністік үйлесім тапқан әскери бөлімде ел армиясының 30 жыл ішінде көңілге түйіп, ауыз толтырып айтарлық жетістіктері де баршылық.
Бізді құшақ жая қарсы алып, қазаққа тән қонақжайлық танытқан осы әскери бөлімнің командирі полковник Медет Есембаевты бірден әңгімеге тарттық. Армия дәлдік пен мызғымас тәртіпті талап етеді. Медет Серікұлымен болған әңгіме барысында біраз жайға қанықтық. Жарты ғасырдан астам тарихы бар әскери бөлімшеде бұл күнде еліміздің түпкір-түпкірінен келіп мыңдаған жас Отан алдындағы әскери парызын өтеді. Арасында келісімшарт бойынша қалып прапорщик, офицер ретінде қызметтерін жалғастырып жатқандар да бар.
Әскери бөлімшеде әрбір сарбазға қатарға қосылғаннан бастап жан-жақты тәрбие беріледі. Қазір еліміздің кез келген шебінде тұрған ұландар алдымен рухани бай, адамгершілігі жоғары адам болуы тиіс. Біздегі көптеген жұмыс осы бағытта ұйымдастырылады. Соңғы жылдары ел арасындағы алып-қашпа сөзге сеніп Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып жүрген жастар мен олардың ата-аналарына айтарым алаңдауға негіз жоқ. Біздің бабалармыз аманаттап қалдырған жерімізді қорғау өзіміздің жас сарбаздарымыздың қасиетті парызы екенін түсінсе екен. Осы ерекше күні барлық әріптесім мен сапта тұрған сарбаздарды мерекемен құттықтаймын . Отанымыз тыныш! Еліміз аман болсын, – дейді №6697 әскер бөлімі- командирі полковник Медет Есембаев.
Сонымен қатар саптағы сарбаздардың бойына отансүйгіштік қасиеттерін дарытып, рухы мықты айбынды жауынгер дайындау – мұндағы барша офицерлердің парызы. Оны біз 6697 әскер бөліміндегі сарбаздардың мерекелік тәрбие сағаты мен концертінде анық байқадық.
Жалпы, бұл әскери бөлімде еліміздің әр облысынан келіп Отан алдындағы борышын өтеп жатқанын басында да айтқан едік. Солардың бірі – Ақмола облысынан келген үлгілі жас сарбаз қатардагы Саят Қайрулин.
Мен қатардагы сарбаз Кайрулин Саят Ерланұлы осы Қостанайдағы № 6697 әскери бөліміне Көкшетау қаласынан келіп, өз борышымды өтеп жатқаныма 6 ай болды. Мұнда барлық жағдай жасалған. Өзіме ұнайды. Сондықтан осы бөлімшеге өзім сұранып келдім. Командирлер де жақсы. Өз қатарластарыма айтарым сылтауды қойып, әскери міндеттерін абыроймен атқаруға шақырамын. Сондай-ақ, 7 мамыр Отан қорғаушылар күнімен барлық өзімнің командирімді және қатарластарымды құттықтаймын, - дейді көкшетаулық жас сарбаз Саят Кайрулин.
Бұл жердегі сарбаздардың басты міндеті – қала тыныштығы мен ішкі тәртіпті қадағалау. Шаһардағы қоғамдық орындағы тәртіпті қадағалау үшін күніне 80 сарбаз кезекшілікке кіріседі екен.
Бұл әскери бөлімде жаңа келген жас жауынгерлерді бейімдеуге бағытталған түрлі шаралар өткізіліп тұрады. Бұл арада барлығы бірдей. Сондықтан қоғам арасында қалыптасып қалған кереғар пікірлер, әлімжеттік секілді оғаш әрекеттер мүлдем кездеспейді.
Облыс орталығындағы № 6697 әскери бөлімді аралаған уақытымызда көңілге түйген жайлар жетерлік. Ең бастысы, айбынды әскеріміз барынша нығайып келеді. 30 жыл ішінде Қарулы Күштеріміздің қанаты қатайып, бұғанасы бекіді. Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы атқан шақта құрылған қазақ әскері егемен елімізбен бірге дамып, әбден қалыптасты.