16 Қыркүйек 2026, 13:52 Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Хакерлер танымал туроператорға шабуыл жасалғанын мәлімдеді: Миллиондаған дерек жойылған

Хакерлер Tez Tour туроператорының инфрақұрылымына шабуыл жасап, компания серверлерін бақылауға алғанын мәлімдеді. Ал компания өкілдері оқиға сайт жұмысына әсер еткенін растағанымен, туристер мен серіктестердің деректері тарап кетті деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шабуылдан кейін туроператордың басты бетінде серверлердің бақылауға алынғаны және деректердің бұзылғаны туралы хабарлама жарияланған.

Хакерлердің мәліметінше, олар 395 миллионнан астам жазбаны жүктеп алып, кейін жойып жіберген. Оның ішінде 45,4 миллион брондау туралы жазба, 21,5 миллион турға тапсырыс, 52 миллион қонақүй брондауы және 252 миллион қаржылық операция туралы дерек бар.

DataSuckers өкілдерінің айтуынша, олар компанияның ішкі жүйесіне шамамен екі апта бұрын кіріп, олардың қолы жететін деректер базасын көбейткен. Олардың мәлімдеуінше, шабуылға бағдарламалық қамтамасыз етудің ескірген нұсқалары мен қауіпсіздік осалдықтары себеп болған. Бұған қоса, резервтік көшірмелер негізгі сайтпен бір серверде сақталған.

Хакерлер жүйеге кіру нүктесі ретінде Tez Tour-дың файл жүктеу қызметін пайдаланғанын айтады. Сол арқылы серверде код орындауға мүмкіндік алып, кейін компанияның ішкі желісіне өткен.

Одан кейін олар бастапқы код сақталған репозиторийлерге, дерекқор құпиясөздеріне және корпоративтік сервистерге қол жеткізгенін мәлімдеген.

Tez Tour өкілдері оқиға салдарынан компания сайтының жұмысы бұзылғанын растады. Алайда қазіргі уақытта туристер мен серіктестердің жеке деректерінің сыртқа шыққанына қатысты нақты дәлел жоқ екенін мәлімдеді.

Қазір компанияның негізгі сайты мен Беларусь клиенттеріне арналған нұсқасы қолжетімсіз болып тұр.