Хакатон хикаясы. Елордада ерекше жарыс өтіп жатыр

Елордада Астана халықаралық мектебінде 7-12 сынып оқушылары арасында «ISA Hackathon» жарысы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Білім ордасында мұндай IT шешімдер жарысы алғаш рет ерекше форматта ұйымдастырылып жатыр. Оқушылар 24 сағат бойы берілген үш кейстің бірін таңдап, өз шешімдерін ұсынулары қажет. Хакатон бүгін 14:30-да басталды. Шешімін 25 қараша күні дәл осы уақытта таныстырады.

Хакатонның ерекшелігі – оқушылар 24 сағат бойы тоқтаусыз бағдарлама жасайды. Яғни оқушылар осы бір күн уақытты өз командаластарымен бірге танымды, қызықты өткізеді.

Мектептің директоры Айдар Болатов оқушыларды жарыстың ашылуымен құттықтады.

Бүгін мектебіміздің қабырғасында осындай іс-шараны алғаш рет өткізіп отырмыз. Жобаны қолға алған кезде «бұл керек пе, керек емес пе?» деп, көп ойландық. Мектепте болып, бір күн ұйықтамай, оған қоса қандай да бір өнім ойлап табу - ол оңай шаруа емес. Десе де уақыт өзгеріп жатыр, қазіргі балалар өз жастарына өте ақылды, тез жетіліп жатыр. Сол себепті қолдарыңыздан келеді деп ойлаймын, - деп білім ордасының басшысы оқушыларға сәттілік тіледі.

Алғаш рет өткізіліп отырған хакатонға 32 оқушыдан құралған 8 команда қатысып жатыр.

Оқушыларға IT саласының мамандары өз кеңестерін айтып, көмектерін береді. Солардың бірі – Astana Hub.

Astana Hub халықаралық стартаптар технопаркі 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның негізгі миссиясы – IT саланы дамыту, IT стартаптарға қолдау көрсету, IT экожүйені дамыту, халықаралық компанияларды нарыққа тарту. Қазіргі күні Astana Hub өздерің сияқты жас мамандарға қолдау көрсетіп жатыр. Себебі сендер - еліміздің IT саласының болашағысыздар. Сондықтан технопарк білім беру бағдарламаларына көп көңіл бөліп келеді. Осындай іс-шаралар өткізіліп жатқанына қуаныштымыз, - деді Astana Hub кеңсесінің жобалық директоры Шоқан Әбілқасымов.

Астана халықаралық мектебі директорының даму жөніндегі орынбасары Ақбар Түсіпбаев «ISA Hackathon» жарысы жайлы айтып берді.

Бұған дейін оқушылардың арасында конкурс өткіздік. Ең алдымен балалар қандай бағдарламалармен жұмыс істей алады – осыны анықтадық. Кейін балалар өз еріктерімен осы хакатонға қатысуға өтініш берді. Соның арасынан 8 команда жасақтадық. Қазір жарысқа 33 бала қатысып жатыр. Мектеп 24 сағат бойы өтетін хакатонға барлық жағдайды жасап отыр. Балаларды тамақпен қамтамасыз ету, бос уақыттарын тиімді өткізіп, сергіту сәттерін ұйымдастыру сияқты жұмыстар назарда, - деді Ақбар Түсіпбаев.

Оның сөзінше, осы жарыста «мектеп-оқушы-ата-ана» үштік одақ бірлесе жұмыс істеп жатыр. Балаларды жарысқа қатыстыруға ата-аналар өз рұқсаттарын берді, мектепте балалардың қауіпсіздігі үшін кезекші тобы ұйымдастырылды.

Осы 8 команданың ішінде үздік атанған команда келесі жылы наурызда НЗМ арасында өтетін сайысқа қатысады.

«ISA Hackathon» жарысына қатысып жатқан «Сабыр» тобы қандай шешім ұсынатындарын әлі шешпегенін айтты.

Біздің ұранымыз – «Сабыр түбі сары алтын. Мұндай жарыс мектебімізде бірінші рет өткізіліп отыр. Бұл үлкен жетістік деп ойлаймын. Командамызда 4 мүше бар. Мұндай жарысқа алғаш рет қатысып отырсақ та, өзімізді басқа қырымыздан сынап көргіміз келеді. Жарыста 3 кейс берілген. Сол мәселенің бірін таңдап, өз шешімімізді ұсынамыз. Командамызда 2 бағдарламашы болса, қалған 2-еуі спикер. Яғни біріміз бағдарлама жазсақ, біріміз сол дайын жобаны таныстырамыз, - деп айтты «Сабыр» тобының мүшелері.

Оқушылар қарсылас командалар осал емес екенін айтып, өздеріне сәттілік тіледі.

Информатика пәнінің мұғалімі Рабия Жексенбаева - хакатонды ұйымдастырушылардың бірі. Ол жарыстың негізгі мақсаты, ережелері жайлы айтып берді.

Бүгін командалар арасында жарыс басталды. Оқушыларға бірнеше кейс берілді. Балалар ол бойынша шешім ойлап табулары қажет. Ол web-бағдарлама, сайт немесе интерактивті ойын болуы мүмкін. Балалар 24 сағат ішінде үзіліссіз бағдарламалаумен айналысады. Оқушыларға жарыстың ережесі айтылды. Мысалы, нені қолдануға болады, нені қолдануға болмайды. Менторлар әр топты бақылап отырады. Жарыс қатысушылары идеяның дизайнынан бастап қорытындысына дейін көрсетулері керек, - деп айтты Рабия Жексенбаева.

Мұғалімнің айтуынша, жарыс нәтижесі бойынша 7-9 сынып және 10-12 сынып аралағындағы командалардан 2 жеңімпаз анықталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы