«Хабар» арнасы «Жекпе-жек айтыс» финалы қашан көрсетілетінін хабарлады
«Хабар» арнасы «Жекпе-жек айтыс» финалы қашан көрсетілетінін хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Хабар» арнасында алаштың бекзат өнерін ұлықтаған «Жекпе-жек айтыс» телевизиялық жобасының финалдық бәсекесі эфирде көрсетіледі.
Төрт айдан бері сөз өнерінің көркін қыздырған жобаның шешуші сәтінде айтыс аламанының қос бірдей саңлағы – Айбек Қалиев пен Еркебұлан Қайназар бақ сынасады. Бұл жай ғана финал емес, айтыс тарихындағы ерекше тартыстардың бірі болмақ. Себебі екеуі де ел мойындаған, қазақ айтысының көшін сүйреп жүрген «Алтын домбыра» иегерлері. Айтыс жолында талай жүлдені қанжығасына байлаған Айбек Қалиев осы күнге дейін 22 автокөлік олжалаған тәжірибелі жүйрік болса, Еркебұлан Қайназар 5 автокөлік жеңіп алған дүлдүл ақын, жыраулық дәстүрдің жарқын өкілі. Бірі – айтыс ақтаңгері, бірі – заманауи айтыстың серкесі.
Енді көрермен көкейіндегі басты сұрақ: «Жекпе-жек айтыстың» алтын қамшысы мен бас жүлдеге тігілген автокөлік кімге бұйырады?
Бұл айтыс аға мен інінің арасындағы сыйластыққа құрылған сөз сайысы бола ма, әлде ұстаз бен шәкірт арасындағы тартыс па? Бәлкім, «алдына келсе, атасын да аямас» орақтілді сөз шеберлері арасында қызу бәсеке бола ма?
Қалай болғанда да, бұл жолғы финал айтысқа сусаған көрермен үшін ерекше есте қалатын әділ бәсеке, ұлттық рух пен биік мәдениеттің көрінісі болмақ.
«Жекпе-жек айтыс» финалын «Хабар» арнасының эфирінен 21 желтоқсан күні сағат 18:45-те көре аласыздар.