14 Ақпан 2026, 17:37 Фото: "Хабар" арнасы

"Хабар" арнасы қоғам дертіне қарсы: Студенттерге арнайы көрсетілім өтті

Қоғамда назардан тыс қалмауы тиіс тақырыптар бар, соның бірі жастар арасындағы нашақорлық. Бұл тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның болашағына әсер ететін өзекті мәселе, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осы бағыттағы жауапкершілікті терең сезінген «Хабар» Агенттігі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде және К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде документалист Сәби Байбосыновтың «Три дозы до смерти» атты деректі фильмінің арнайы көрсетілімін ұйымдастырды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, елімізде 18 мыңнан астам нашақор тіркелген. Ал тіркелмегендері бұдан да көп болуы мүмкін. Бұл құрғақ статистика емес, әр санның артында тағдыр, үміт және кейде орны толмас өкініш тұрғанын еске салатын ащы шындық.

Көрсетілім студенттерге ерекше әсер қалдырды. Фильмдегі шынайы оқиғалар мен ашық баяндау көпшілікті терең ойға жетелеп, өмірге деген көзқарасты қайта саралауға себеп болды. Көптеген жастар зиянды әдеттердің салдарын анық түсінгенін айтып, мұндай туындылардың саналы шешім қабылдауға ықпал ететінін жеткізді.

Шара тек фильм көрсетумен шектелмей, ашық пікір алмасу алаңына ұласты. Кездесуге спортшылар Жанисов Санжар, Жардембекұлы Алтай мен ІІМ өкілі Жылқыбаева Гульмира қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті, салауатты өмір салтының маңызын нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Еркін форматтағы әңгіме студенттер мен спикерлер арасындағы сенімді диалогқа жол ашты.

Адам кейде өз тағдырымен ғана әуре болып, жанындағы жандардың жанайқайын естімей қалады. Алайда өмір – жалғыз өзіңе тиесілі сапар емес. Сен сүрінсең, сен құласаң, сен адассаң - соның салмағын сенен бұрын жақындарың көтереді.

Нашақорлықтың жолы жылтыраған сағым ғана. Оның соңы біреу-ақ: темір тордың ар жағындағы торығу, аурухананың суық қабырғасы, не болмаса мезгілсіз үзілген ғұмыр. Бұл – адасқан жанның тұйыққа тірелер тұсы. Ол жолдың жарығы жоқ, тек қараңғылыққа бастайды.

Ал «Хабар» Агенттігі ұсынған ой – өмірдің ең қарапайым, бірақ ең маңызды шындығы: ауырмайтын ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде. Өзіңді де, өзгені де күйзелтетін қателіктің алдын ал. Өмірді бағала, сен үшін жүрегі соққан жандарды ойла. Себебі шынайы бақыт – сағымда емес, жауапкершілікте.

Шынайы оқиға. Ащы тағдыр. Алаңдатар ақиқат.

15 ақпан, 21:15 «Хабар» арнасында тележурналист Саби Байбосыновтың «Три дозы до смерти» деректі фильмін өткізіп алмаңыздар.