"Хабар" агенттігі мен тазалыққа жауапты мекеме "Таза Қазақстан" акциясына қатысты

Астанада "Хабар" Агенттігі мен тазалыққа жауапты мекеме бірлесіп ұйымдастырған сенбілік өтті. Іс-шара республикалық "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында және Жұмысшы мамандықтар жылы мен "Хабар" Агенттігінің 30 жылдығына орай өткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шараның маңызды сәттерінің бірі – екі ұйым арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылуы болды. Бұл қадам экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және табиғатқа ұқыпты қарау құндылықтарын насихаттауға бағытталған.

Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» акциясы – жай ғана экологиялық науқан емес, бұл – сана-сезімді оятып, халықты біріктіретін жалпыхалықтық қозғалыс. Табиғатты қорғау – бұл енді таңдау емес, азаматтық борыш. "Хабар" Агенттігі елордамызды көгалдандыруға нақты үлес қосуда. Біз жай ғана ағаш отырғызып жатқан жоқпыз – біз болашаққа деген үмітті тамырландырудамыз. Агенттіктің 30 жылдығын осындай игі іспен бастау – ел мен халыққа қызмет етуге деген адалдығымыздың дәлелі, - деді "Хабар" Агенттігінің төрағасы Кемелбек Ойшыбаев.

Акция аясында еліміз бойынша 4,5 миллионнан астам көшет отырғызылып, 1,5 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Жалпы қатысушылар саны 4 миллионнан асты.

Қол қойылған меморандум сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының, атап айтқанда – коммуналдық және экологиялық қызметкерлердің мәртебесін арттыруға бағытталған. Бұл мамандар күнделікті қалалардағы тазалық пен жайлылықты қамтамасыз етіп, көбіне қоғам назарынан тыс қалып жатады.

Сондай-ақ, сенбіліке Тазалыққа жауапты мекеменің 2000-нан астам қызметкері қатысты. Кәсіпорын 500-ден астам арнайы техникамен жабдықталған және күн сайын қаланы тазалау жұмыстарын атқарады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жалпыұлттық "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында биыл Астанада бір миллионнан астам жасыл желек отырғызу жұмыстары кең ауқымда жүргізілуде. Біз қаланы жай ғана көгалдандырып жатқан жоқпыз – біз экологиялық мәдениеттің негізін қалап, болашақ ұрпаққа табиғатқа құрметпен қарауды үйретудеміз. Қоршаған ортамен үйлесімде өмір сүру – бұл бүгінде таңдау емес, қазіргі заманның өмірлік қажеттілігі, – деді Тазалыққа жауапты мекеменің бас директоры.

Сенбілік барысында қатысушылар 100 ағаш – 50 жөке және 50 тау жаңғағын отырғызып, елордалық саябақтардың бірінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Іс-шара экологиялық флешмобпен және викторинамен аяқталып, қатысушылар өз білімдерін сынап, естелік сыйлықтарға ие болды.

Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдірді. Бұл акция – таза әрі экологиялық жауапты Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: "Хабар" агенттігі
Өзгелердің жаңалығы