Ғылыми жоба жеңімпаздарына білім гранты беріледі
Бұл туралы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Ануар Жанғозин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін басталған ХІІ Наурыз кездесулері бірегей, ауқымды іс-шара. Кездесу балалардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруды мақсат тұтып отыр. Себебі кездесулер негізінде балалар өздерінің ғылыми-зерттеу жобаларын таныстыруға мүмкіндік бар. Биылғы кездесудің ерекшелігі – елімізден 150-ден астам оқушы қатысса, олардың 50-і – ауыл мектептерінен арнайы шақырылды. Бұл білім беруді тұрақты дамыту қорымен бірлескен жоба аясында жүзеге асырылды. Тірек мектептерінен келген оқушылар да ғылыми жұмыстарын қорғайды, - деп атап өтті басқарма төрағасы.
Айтуынша, жобасы жеңіске жеткен жас ғалымдар елдегі жетекші жоғары оқу орындарының білім гранттары беріледі.
Білім сайысына елуден астам жоба ұсынылған. Әр жобаға 3-4 баладан қатысады. Қазылар алқасының шешіміне сәйкес, жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға арнайы сыйлығымыз бар. Атап айтқанда, еліміздегі алдыңғы қатарлы университеттердің гранттары беріледі. Яғни қатарластарынан оқ бойы озық шыққан 6 оқушыға Қазақ-Британ техникалық университеті мен AlmaU университетінің гранттарына ие болады. Басқа да сыйлықтар қарастырылған, - деді Әнуар Жанғозин.
Еске сала кетейік, бұған дейін елордада вундеркинд балалардың бас қосқандығы туралы жазған болатынбыз. «Биомедицина, инженерия және технологиялар» тақырыбындағы XII Наурыз кездесулері денсаулық сақтау саласына бағытталған.
Жас ғалымдар жасанды интеллект, робототехника, машиналық ойлау және үлкен деректерді енгізу жобаларымен сынға түседі.