Ғылыми-зерттеу шығындары бір жылда 41,9% өсті
Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмысқа жұмсалған шығындар 2023 жылы 41,9% өсіп, 172,5 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, бір жыл бұрын ҒЗТКЖ шығындарының көлемі 121,1 млрд теңге болған. 2023 жылы ҒЗТКЖ жұмсалған шығындардың басым бөлігі Алматы (77,2 млрд теңге) және Астана (36,6 млрд теңге) қалаларында тіркелген.
Сондай-ақ айтарлықтай көрсеткіш Маңғыстау (13,5 млрд теңге), Шығыс Қазақстан (8,2 млрд теңге) және Қарағанды (7,8 млрд теңге) облыстарында байқалған.
Ғылым салалары бөлінісінде ҒЗТКЖ ең көп ішкі шығындар инженерлік әзірлемелер мен технологияларға – 59,4 млрд теңге, жаратылыстану ғылымдарына – 58,8 млрд теңге және ауыл шаруашылығы ғылымдарына – 20,1 млрд теңге жұмсалған.
Ғылыми дәрежесі бойынша ҒЗТКЖ жүргізетін қызметкерлер саны 2023 жылы 25,4 мың адамды құрады – 2022 жылмен салыстырғанда бұл 13,4% артық. Олардың 55% – әйелдер.