Ғылыми идеядан өндіріске дейін: Қазақстан ғылымында не өзгеруі мүмкін?
Құрылтай депутаты Дархан Ахмедиев ғылымды қаржыландырудың тиімділігін арттыру, ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізу және ғылым мен бизнес арасындағы байланысты нығайту қажеттігін айтты. Депутаттың пікірінше, ғылыми жобаларды қаржыландырудан бастап, олардың нақты нәтижесін бағалауға дейінгі барлық кезеңнің басқару сапасын арттыру қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін біз еліміздің технологиялық болашағына тікелей әсер ететін мәселені қарастырып отырмыз. Ол ғылымға бөлінетін қаражаттың білімге, технологияларға және өндірістік шешімдерге қаншалықты тиімді айналып жатқанына қатысты, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, бүгінде Қазақстанда елеулі ғылыми әлеует қалыптасқан. Ғылыми қызметпен 425 ұйым айналысады. Оларда шамамен 27 мың адам, оның ішінде 23 мыңға жуық зерттеуші ғалым жұмыс істейді. Соңғы жылдары мемлекет ғылымды қаржыландыруды ұлғайтып, ғылыми зерттеулерді қолдау тетіктерін жетілдіру бағытында жүйелі шаралар қабылдаған.
Алайда ендігі міндет – жекелеген зерттеулерді қаржыландырудан ғылыми идеядан бастап, нақты өнім мен оны өндірісте қолдануға дейінгі толық тізбекті қалыптастыру.
Ғылымды қаржыландырудың өсуі әрбір кезеңдегі басқару сапасының артуымен қатар жүруі керек. Бұл басымдықтарды айқындаудан бастап, алынған нәтижені бағалауға дейінгі барлық үдеріске қатысты, – деді Дархан Ахмедиев.
Ол Жоғары аудиторлық палатаның аудит қорытындылары ғылымды басқару жүйесін және бөлінген қаражаттың тиімділігін кешенді бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар анықталған бұзушылықтарды жоюмен қатар, ғылыми жобаларды қаржыландыру мен аяқтау елдің ғылыми және технологиялық дамуына жеткілікті нәтиже бермеуінің жүйелі себептерін де шешу қажет екенін айтты.
Депутат Ғылым және жоғары білім министрлігі аудит ұсынымдарын орындау, сараптаманы жетілдіру және рәсімдерді цифрландыру бойынша бірқатар шара қабылдағанын жеткізді. Атап айтқанда, ғылыми жобаларды іріктеу, қаржыландыру және мониторингтеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған заңнамалық өзгерістер енгізілген. Жобалардың экономикалық негізділігі мен практикалық нәтижелілігіне қойылатын талаптар белгіленіп, іске асыру мерзімдері нақтыланған. Ұлттық ғылыми кеңестер мүшелерінің шешімдер үшін жауапкершілігі мен бюджет қаражатын бөлуге қатысатын сарапшыларға қойылатын біліктілік талаптары күшейтілген.
Ғылыми басымдықтар елдің нақты міндеттеріне сай болуы керек
Дархан Ахмедиевтің пікірінше, қолданбалы зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер нақты мәселені шешуге бағытталуы тиіс. Сондықтан ғылыми-техникалық тапсырмаларды қалыптастыруға салалық министрліктер, кәсіпорындар мен ғылыми қауымдастық қатысуы қажет.
Оның айтуынша, бизнес зерттеу міндеттерін айқындаудан бастап, сынақтар мен әзірлемелерді өндіріске енгізуге дейінгі кезеңдерге қатысуы керек.
Кәсіпорындар өндірістік алаңдар ұсынып, нәтижелерді тексеруге және перспективалы жобаларды бірлесіп қаржыландыруға атсалыса алады.
Ол үшін Үкімет ғылым мен бизнестің бірлескен жұмыс тетіктерін айқындап, тараптардың міндеттемелерін, зияткерлік меншікті пайдалану шарттарын және кәсіпорындардың әзірлемелерді енгізуге қатысу тәртібін нақтылауы қажет.
Депутат Ұлттық статистика бюросының деректеріне де тоқталды. 2025 жылы инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлесі 11,9 пайызды құраған. Шамамен 31,5 мың кәсіпорынның 3 761-і инновациялық қызметпен айналысқан. Бұл бизнестің инновациялық белсенділігін арттыруға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
Сонымен қатар өңірлердің де ғылыми зерттеулерді қолдауға қатысуы маңызды. Жергілікті атқарушы органдар аумақтарды дамыту міндеттерін ескере отырып, зерттеулерді қаржыландыруды қарастыруы керек. Әрбір қолданбалы жобаның нақты міндеті, оның нәтижесін пайдалануға мүдделі тарап және нәтижені бағалау тетігі болуы тиіс.
Ғылыми идеядан өндіріске дейінгі жолды қамтамасыз ету қажет
Депутат ғылыми жобаларды қолдау зерттеу, әзірлеме, тәжірибелік үлгі жасау, сынақтан өткізу және өндірісте қолдану кезеңдерінің барлығын қамтуы керек екенін айтты.
Аудит материалдарына сәйкес, тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерге жұмсалатын шығындардың үлесі 2022 жылғы 12,8 пайыздан 2025 жылы 4,7 пайызға дейін төмендеген.
Дәл осы кезеңде ғылыми идеяның жұмыс істейтін технологияға айналу мүмкіндігі тексеріледі, – деді Ахмедиев.
Осыған байланысты ол Үкіметке іргелі зерттеулер, қолданбалы ғылым және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер арасындағы қаржыландыру теңгерімін бағалап, әзірлемелерді сынақтан өткізу мен өндіріске енгізуге дейін жеткізуді қолдау шараларын айқындауды ұсынды.
Коммерцияландыру жобаларында технологиялық дайындық деңгейі, ықтимал сұраныс, енгізу шығындары және өнеркәсіптік серіктестің қатысуы алдын ала бағалануы қажет. Әрі қарай қаржыландыру өткен кезеңдердің нәтижелері мен келесі қадамның негізділігіне қарай жүргізілуі тиіс.
Сондай-ақ жоба аяқталғаннан кейінгі мониторинг аясында технологияның қолданылып жатқаны, тәжірибелік үлгінің жұмыс істейтіні, инвестиция тартылғаны және өндірістік нәтиже алынғаны тексерілуі керек.
Ғылыми жобаларға бағалаудың бірыңғай өлшемін қолдануға болмайды
Дархан Ахмедиев ғылыми қызметтің әр түріне жеке бағалау өлшемдері қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, іргелі зерттеулер, қолданбалы жұмыстар және тәжірибелік үлгі жасау әртүрлі мақсатты көздейді әрі нәтижеге жету мерзімі де бірдей емес.
Сондықтан іргелі ғылымда ғылыми жаңалық, әдіснаманың сапасы және білімнің дамуына қосқан үлес бағалануы керек. Қолданбалы зерттеулерде нақты міндетті шешу мүмкіндігі, ал тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерде үлгінің жұмыс істеуі, сынақ нәтижелері мен одан әрі қолдануға дайындығы негізгі өлшем болуы тиіс.
Өндіріске бағытталған жобаларда шығындарды азайту, өнім көлемін арттыру және өнім сапасын жақсарту сияқты экономикалық көрсеткіштер де ескерілуі қажет.
Депутат ғылыми ізденіс барысында алынған теріс нәтиженің де құндылығы болуы мүмкін екенін айтты.
Ғылыми әдіснама сақталған жағдайда алынған теріс нәтиженің де ғылыми құндылығы болуы мүмкін. Күтілген әсердің болмауы өздігінен заңбұзушылыққа теңестірілмеуі керек, – деді ол.
Оның пікірінше, негізделген ғылыми тәуекелді, жұмыстың сапасыз орындалуын және қаражатты заңсыз пайдалануды бір-бірінен ажырату қажет. Бұл жауапкершілікті қамтамасыз етіп, ғылыми ізденіске қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Қаржыландыру уақтылы жүргізіліп, әкімшілік жүктеме азаюы тиіс
Депутат конкурстарды жариялау, сараптама жүргізу және келісімшарттар жасасу кезіндегі кідірістер зерттеуге бөлінген нақты уақытты қысқартып, сатып алу жоспарлары мен ғылыми ұжымдардың жұмысына кедергі келтіретінін айтты.
Осыған байланысты негізгі рәсімдердің келісілген күнтізбесін бекітіп, олардың мерзімдерін бақылау ұсынылды. Ғалым конкурстың қашан жарияланатынын, шешімнің қашан қабылданатынын, келісімшарттың қашан жасалып, қаражаттың қашан түсетінін алдын ала білуі керек.
Сонымен қатар есептілік құрамын қайта қарап, бір мәліметті бірнеше рет ұсынуды болдырмау және мемлекеттік органдарда бар деректерді пайдалану арқылы әкімшілік жүктемені азайту қажет.
Ғалымның жұмыс уақыты да жабдық пен қаржыландыру сияқты құнды ресурс, – деп атап өтті депутат.
Ғылыми жобаның бүкіл циклі цифрландырылуы керек
Ахмедиевтің айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қазақстан ғылымы» ақпараттық жүйесін құру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жүйе өтінім беруден бастап, сараптама, келісімшарт жасасу, қаржыландыру және жобадан кейінгі мониторингке дейінгі барлық кезеңді қамтуы тиіс.
Әрбір жоба бойынша бірыңғай цифрлық тарих қалыптастыру ұсынылды. Онда қойылған міндет, сараптамалық қорытындылар, қабылданған шешімдер, қаражаттың қозғалысы, мерзімдердегі өзгерістер мен қол жеткізілген нәтижелер көрсетілуі қажет.
Бұл қайталанатын зерттеулерді анықтауға, кідірістерді бақылауға, қабылданған шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және мүдделер қақтығысы тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Депутат цифрландыру нәтижесінде ғалымдар үшін рәсімдер мен есептілік қысқарып, мемлекет үшін жобалардың жай-күйін бақылау және уақтылы шешім қабылдау мүмкіндігі артуы керек екенін айтты.
Жер қойнауын пайдаланушылар аударымдарының тиімділігін арттыру қажет
Депутат ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған жер қойнауын пайдаланушылардың өндіру шығындарының 1 пайызы мөлшеріндегі міндетті аударымдарды пайдалану тетігін де жетілдіруді ұсынды.
Оның айтуынша, бұл қаражат өнеркәсіп пен ел экономикасына қажетті зерттеулер мен технологияларды қолдауға бағытталуы тиіс. Қарауға ұсынылған материалдардағы Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, биылғы тоғыз айда 4,5 млрд теңге түскен. Сонымен қатар тиісті жұмыстарды қаржыландыруды бастауға қатысты мәселелер бар.
Осыған байланысты Үкіметке аударымдарды пайдалану тәртібін жетілдіру, қаражатты бөлек есепке алу және жобаларды ашық конкурстық іріктеу ұсынылды. Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қаржы министрлігі қаражатты уақтылы қаржыландыруға және мониторингтеуге жауапты оператор ұйымды айқындауы қажет.
Басым бағыттар ретінде өндіру мен өңдеу тиімділігін арттыру, ресурстарды үнемдеу, өнеркәсіптік қауіпсіздік, экология және өндірістік үдерістерді цифрландыру ұсынылды.
Дархан Ахмедиев осы бағыттар бойынша нақты іс-шаралар, жауапты орындаушылар, мерзімдер және тексеруге болатын нәтижелер қажет екенін айтты. Оның сөзінше, бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылау мен еркін ғылыми ізденіске жағдай жасау арасындағы теңгерімді сақтау маңызды.