Ғылымды коммерцияландыру көрсеткіші 44 пайыз деп көрсетілгенімен, нақты деңгейі 16 пайыз ғана – Смайылов
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Құрылтай отырысында ғылым саласына жүргізілген аудиттің қорытындыларын баяндады. Оның айтуынша, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру ғылыми циклдің әлсіз буыны болып отыр. Қолданыстағы тетік зерттеу нәтижелерінің тұрақты өнімге айналуын, нарықта сатылуын және экономикалық қайтарымын толық қамтамасыз етпейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сегізінші мәселе – ғылыми нәтижелерді коммерцияландырудың тиімділігі. Ғылым қорының мәліметі бойынша, жобаларды коммерцияландыру көрсеткіші 44 пайызды құрайды. Алайда есепті жылы объективті салыстырмалы есептеу кезінде бұл көрсеткіштің небәрі 16 пайыз екені анықталған.
Нақты нарықтық әсері де шамалы. Аяқталған 141 жобаның тек 38-і немесе 27 пайызы соңғы үш жылда өнімді тұрақты сатуды қамтамасыз еткен. Ал жалпы сомасы 22 млрд теңгені құрайтын қалған 103 жоба өнім өндіру және сату көлемі бойынша айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмаған.
Көптеген жоба бойынша коммерциялық нәтижелерге қол жеткізудің орнына оларды орындау мерзімі ұзартылған. Осылайша, 46 жобаның іске асыру мерзімі созылған. Нәтижесінде қолданыстағы коммерцияландыру моделі ғылыми нәтижелердің тұрақты өнімге айналуын, сатылуын және экономикалық қайтарымын қамтамасыз етпей отыр, - деді ол.
Ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған бір пайыздық тетік қолданбалы ғылымды дамытудың толыққанды құралы бола алмай отыр. Салалық министрліктер іс жүзінде қолданбалы зерттеулерге тапсырыс беруші емес, жер қойнауын пайдаланушылардың есептерін тіркеуші рөлін атқарған. Міндеттемелердің орындалуы да тиісті деңгейде бақыланбаған.
Аудит барысында 147 келісімшарт бойынша 9 млрд теңгеге жуық берешек анықталған. Оның 3 млрд теңгесі талап қою мерзімінің өтуіне байланысты бюджетке түспейді. Ал 4,5 млрд теңге көлеміндегі міндеттемелердің орындалмағаны туралы 45 хабарлама бойынша талап-арыз жұмыстары жүргізілмеген, - деп айтты Смайылов.
Ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған қаражат іс жүзінде толық көлемде ғылымға бағытталмаған. Мысалы, Astana Hub-қа түскен 43 млрд теңгенің 23 млрд теңгесі бағалы қағаздарды сатып алуға жұмсалған. «Самғау» бойынша 15 млрд теңгенің 10 млрд теңгесі депозиттер мен РЕПО операцияларына орналастырылған.
Осы операторлардың аталған қаржы операцияларынан түскен табысы 14 млрд теңгеден асқан. Бұл ретте ғылыми жобаларды бастау мерзімі 215 күнге дейін, ал кейбір жағдайларда 2,5 жылға дейін созылған.
Нәтижесінде ғылыми зерттеулерге арналған бір пайыздық тетік жеткілікті сараптамасыз, есепке алу мен мониторингтің тиісті деңгейінсіз, расталған ғылыми нәтижелерсіз және шашыраңқы түрде жұмыс істеп отыр.
32 млрд теңгенің жобасы мемлекеттік есептен тыс қалған
Смайыловтың айтуынша, мемлекет ғылыми нәтижелерді жүйелі түрде есепке алмайды және оларды басқару мүмкіндігі шектеулі. Цифрландыру деңгейінің төмендігі – ғылым саласын басқарудағы негізгі мәселелердің бірі.
Есепке алу жұмыстары әртүрлі қатысушылар мен жүйелер арасында бөлек жүргізіледі, ал процестердің бір бөлігі қағаз жүзінде жүзеге асырылады. Сондықтан мемлекет жобаны қаржыландырудан бастап, оның нәтижесіне қол жеткізу мен өндіріске енгізуге дейінгі толық процесті бақылай алмайды.
Бұл жағдай әсіресе ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған бір пайыздық тетік аясында байқалады. Жалпы сомасы 32 млрд теңгені құрайтын 159 жоба толыққанды мемлекеттік есепке алынбаған.
Аудит 51 млрд теңге қаржылық бұзушылықты анықтады
Ағымдағы жылы ғылым саласына жүргізілген аудит қорытындысы бойынша 51 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылық, 47 млрд теңгеге қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану, сондай-ақ 16 млрд теңге шығын мен жіберіп алған пайда фактілері анықталған.
36 факт бойынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін уәкілетті органдарға жіберілген. Үш факт бойынша аудит материалдарын құқық қорғау органдарына жолдау туралы шешім қабылданған.
Аудит қорытындысы бойынша Үкіметке бес ұсыным, ал аудит объектілеріне 66 тапсырма берілген.
Тағы оқи отырыңыз: Ғылыми зерттеулер неге өндіріске енгізілмейді? Смайылов жүйелі мәселелерді атады