Ғылым жасау арзан емес, қымбат тұрады - ғалым
12 сәуір – Ғылым күні. Айтулы мерекеде ғылым саласында еңбек етіп жүрген ғалым Бейбіт Әбдікеновпен сұқбат жүргіздік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бейбіт мырза, еліміздегі ғылымның дамуы туралы айтсаңыз
- Елімізде соңғы жылда ғылымға айтулы көңіл бөлінуде. Ғылымның дамуы ең бірінші – адами ресурстарға, екіншіден – инфраструктура мен қаржыландыруға байланысты. Жасыратыны жоқ, ғылымды дамыту қомақты қаржыны қажет етеді. Ғылым жасау арзан емес, қымбат тұрады. Бірақ оған салған ақшаның 5-10 жыл салып мың есе қайтарымы болады. Мен докторантурада білім алғанда берілетін шәкіртақы – 65 мың теңге шамасында болған, ал қазір ғылымға аяқ басқан білім алушылар үшін шәкіртақы 200 мың теңгеден асады. Осыдан-ақ, ғылымға қажетті көңіл бөлініп жатқанын байқауға болады. Одан соң, мемлекеттен бөлінетін арнайы гранттар бар. Қазір 40 жасқа дейінгі жас ғалымдарға арналған арнайы жобалар бастауын алды. Бұл жобалардағы грант құны 30 млн-нан бастап мега гранттар 4 млдр-қа дейін жетіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, қазір ғылымға келем деген адамға барлық мүмкіндік жасалған.
Өзіңіздің де осы салада жеткен жетістіктеріңіз, ашқан ғылыми жаңалықтарыңыз көп...
- Негізі ғылымға «Сүт безі қатерлі ісігін математикалық модельдеу және жоспарлау» тақырыбында докторлық диссертация жазумен келдім. Нейрондық жүйелерді оңтайландыру бойынша жұмыс жасадық. Қазір де сол жобамен жұмыс жасап жатырмын. Одан соң ойлау арқылы роботтық скелетті басқару секілді тағы да жобаларым бар. Онда инсульт алған науқастарды оңалтуға жұмыс жасайды. Одан бөлек қауіпсіздік мәселелеріне арналған арнайы жобамыз бар. Жоба барысында жасанды интеллект арқылы жұмыс орнында қызметкерлер қауіпсіздік белгілерін сақтап жүр ма, арнайы киімдерді киіп жүр ма соны автоматты түрде камера арқылы хабарлап отырады.
2030 жылға қарай адам санасымен тепе-тең нанороботтар шығарылады деген жаңалық бар. Бұл туралы не айтасыз?
- Жасанды интеллект бүгін пайда болған жоқ. Оны ғалымдар сонау 1950-60 жылдардан бастап зерттеп келеді. Бірақ сол кездегі ақпараттың, компьютерлердің қуатының аздығы оны осы деңгейге жеткізбеді. Жасанды интеллектің қазіргі деңгейге жетуінің негізгі себебі-интернеттің пайда болуымен байланысты болып отыр. Екіншіден геймерлерге арнап компьютерлердің қуатын арттыруда жасалған жұмыс жасанды интеллектің дамуына ықпал етіп отыр. Ең алғашқы өзгеріс 2012 жылы нейрондық жүйелер адамды суреттен тани бастады. Өткен жылы ChatGpt-ды үлкен жаңалық болды. Ал мен үшін жасанды интеллектегі жаңалық биыл наурызда болды. Яғни Дэвид есімді программистің адам секілді өзі программалар жаза алуы. Жеке өзім мұндай өзгерісті 5 жылдан соң пайда бола ма деп ойлайтын едім. Бірақ оның қарқынды дамуы бір жылда осындай нәтиже беріп отыр.
Ал оның осындай қатты серпінмен дамуы қоғамға қауіп әкелмей ме?
- Кезінде ядролық бомба да адамзатқа пайда әкеледі деп жасаған болатын. Сол секілді кез-келген технологияның пайдасы да зияны да бар. Егер біз жасанды интеллектіні дұрыс пайдалана алсақ, адамзатқа керемет пайда әкеледі. Біз жасанды интеллектіні құрал ретінде пайдалануымыз қажет. Дегенмен, қазірдің өзінде оны дұрыс емес бағытта пайдаланып жүрген адамдар бар. Сондықтан менің ойымша осыны бақылауға алатын мемлекетте бір орган пайда болу керек секілді. Бұл жалғыз Қазақстанда ғана емес, барлық елге ортақ бір жүйе болуы керек.
Иә, адамдардың жеке деректерін пайдаланып, алдап жатқан фактілер жиі кездесіп жатады...
- Әрине, жасанды интеллектінің мүмкіндігі мол. Егер оны тереңірек зерттесек әлі де көп қырларын аша аламыз. Алаяқтар жасанды интеллект арқылы сіздің даусыңызды салып, бейненізді жасай да алатынын ұмытпау керек.
Бұдан қалай қорғанамыз?
- Әр адам өзінің ұялы телефон арқылы қандай бағдарламаларды қолданады, қандай бағдарламаларға доступ берген соны қадағалау керек. Және ақпараттық құрылымда өзіміздің жеке басымызға тиесілі ақпаратты қалай бөлісеміз, қайда береміз, сол тұрғыдан сауатты болу керекпіз.
Егер жасанды интеллект қатты дамыса, қай мамандық иелері жұмыссыз қалуы мүмкін?
- Иә, кейбір мамандықтар жоғалатыны рас. Бірақ, жаңа жұмыс орындары да ашылатынын ұмытпау қажетпіз.
Сұқбат бергеніңізге рақмет. Ғылым жолында жетер жетістігіңіз көбейсін.