Ғылым және жоғары білім министрі студенттерге дәріс оқыды
Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министр ЖОО-ның қызметімен және материалдық-техникалық базасымен танысты. Әрі қарай ол оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесу өткізіп, Қазақстанда жоғары білім мен ғылымды дамытудың негізгі басымдықтары туралы айтып берді.
Саясат Нұрбек университетке сапары аясында білім алушыларға “отандық ғылым мен жоғары білім беруді дамыту” тақырыбында дәріс оқыды. Іс-шараға студенттік парламент өкілдері, олимпиада жүлдегерлері және ЖОО жатақханаларында тұратын студенттер қатысты.
Біздің стратегиямыз - өңірлерде жоғары білім беруді жақсарту мен дамыту бағытында жұмыстар жүргізу. Қазір Ақтөбе тұрғындар санын алғанда Қазақстан қалалары арасында төртінші орында, бұл еліміздің халқы бойынша ең ірі облыстық орталығы. Аймақтың әлеуеті өте жоғары. Ақтөбені Батыс Қазақстанның студенттік орталығы деп санауға болады, жыл сайын Ақтөбе облысының жоғары оқу орындарына түсетін студенттер саны артып келеді. Сіздердің облысыңызда сапалы білім алуға, мансап құруға және өз бизнесіңізді ашуға барлық мүмкіндіктер бар, ең бастысы - оқу және өз мақсатыңызға қадам басу, - деді Саясат Нұрбек.
Министр өз сөзінде жазда Ақтөбеде Орталық Азиядағы IT-стартаптардың ірі халықаралық технопаркінің филиалы ашылғанын, онда барлық ниет білдірген студенттер өз зерттеулерімен, стартаптарымен тегін айналысып, жаңа дағдыларды ала алатынын атап өтті.
Ақтөбе жастары білім беру саласындағы реформаларға, шәкіртақы мөлшерін арттыруға, шетелде оқуға, бұқаралық спортқа қатысты өз сұрақтарын белсенді түрде қойды. Сонымен қатар, студенттер алма-матерді дамыту туралы өз көзқарастарымен бөлісті. Саясат Нұрбек өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, студенттердің өңірдегі жоғары білім беруді дамыту жөніндегі ұсыныстарын назарға алатынын атап өтті.
Кездесу соңында Саясат Нұрбек Люси Джо Палладиноның "Find new focus zone: an effective new plan to defeat distraction and overload" атты барлық студенттерге арналған must-read кітабымен бөлісті. Ал студенттік парламент төрағасы Темужин Сәрсенов университеттің барлық студенттерінің атынан кездесуге алғысын білдіріп, табыс тіледі.