Бүгiн 2026, 11:04 Фото: pixabay.com

Ғылым, стартап және өндіріс бір жүйеге бірігеді: Министр жаңа модельді таныстырды

Инфрақұрылым шеңберінде қазір 303 ғылыми зертхана, 62 коммерцияландыру орталығы және т.б. жұмыс істейді.

Қазақстанда ғылым, технология және өндірісті біріктіретін бірыңғай инновациялық экожүйе қалыптасып келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Инфрақұрылым шеңберінде қазір 303 ғылыми зертхана, 62 коммерцияландыру орталығы және т.б. жұмыс істейді. Сонымен қатар қаржылық мүмкіндіктер кеңейтілуде. Ғылымды қаржыландыру ұлғайтылды, ҒЗТКЖ үшін салықтық ынталандырулар енгізілді, сондай-ақ алғаш рет эндаумент-қор құрылып, оған 2 млрд теңге тартылды, әрі қарай оның капиталын кезең-кезеңімен 10 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда.

Бұл экожүйе оқшау емес, Astana Hub және Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығымен тығыз өзара іс-қимылда қалыптасып жатыр. Бұл ғылымды, стартаптарды, технологиялық командаларды және даму инфрақұрылымын біріктіретін бірыңғай контурды қалыптастырады, – дейді министр.

Ішкі инфрақұрылымды қалыптастырумен қатар сыртқы әріптестіктерді де кеңейту маңызды. Осыған байланысты халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастыққа жеке тоқталған министр бүгінде қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтар шетелдік серіктестермен бірлескен жобаларды іске асырып жатқанын атап өтті.

Олардың қатарында жаңа материалдарды әзірлеу, қоршаған ортаны мониторингтеу технологиялары, медициналық цифрлық шешімдер және басқа да бағыттар бар. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық ел ішіндегі қолданбалы міндеттерді шешумен толықтырылуы тиіс, – деді Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ қазіргі уақытта ғылыми-технологиялық сессиялар тетігі іске асырылуда, оның аясында кәсіпорындар ғалымдар үшін нақты технологиялық міндеттерді қалыптастырады.

Бұл жұмысқа 500-ден астам ғалым қатысып, 200-ден астам технологиялық міндет қалыптастырылды. Бұл ретте бизнестің кемінде 30% көлемінде бірлесіп қаржыландыруы міндетті шарт болып табылады. Дәл осындай форматта ғылым мен өндіріс арасындағы нақты байланыс қалыптасады, – деді министр.

Министр бұл тетіктің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін қосылған құн тізбегінің нақты мысалы – рафинадталған селен өндірісі арқылы түсіндірді.

Егер шикізаттың бағасы килограмына 5-7 доллар болса, технологиялық өңдеуден кейін оның құны 300 долларға және одан жоғары деңгейге дейін артуы мүмкін. Ал оны электроникада, медицинада және күн энергетикасында қолдану қосылған құнды бірнеше есе арттырады, – дейді ол.

Осыған байланысты ғылым, технологиялар, өндіріс және бизнестің бір жерде тоғысатын ортасын қалыптастыру маңызды екені айтылды.

Сонымен қатар Қазақстан DeepTech және күрделі өндірістерді дамытудың жүйелі моделіне көшуге ниетті.

Негізгі элемент ретінде жоғары оқу орындары әкімдіктермен тығыз байланыста жұмыс істейді, өйткені дәл өңірлік деңгейде технологиялық міндеттер мен перспективалы нишаларды барынша нақты айқындауға болады. Бұл механизм өңірлік форсайттарды жүргізуді, кәсіпорындардың проблемаларын анықтауды, перспективалы бағыттарды іздеуді, технологиялық міндеттерді қоюды, НИОКР жүргізуді, өнеркәсіптік үлгілерді жасауды және өндірістерді іске қосуды қамтиды. Негізгі қағидат – технологиялық тізбектерді тереңдету, – дейді Саясат Нұрбек.

Еске салсақ, Қазақстан Global Innovation Index рейтингінде 81-орында, ал Economic Complexity Index бойынша 55-орында тұр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жүйедегі негізгі проблемаларды атады.