Ғылым қайта жанданады – ғалым

ҚР ҰҒА академигі, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы Ұлттық Ғылым академиясының мемлекеттік мәртебе алуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ұлттық Ғылым академиясы қайта мемлекеттік мәртебе алып, Мемлекет басшысының жарлығымен Президент жанындағы мекеме деңгейіне көтерілуі - үлкен жетістік. Бұл – тарихқа адалдық, академик Қаныш Сәтбаевтан бері келе жатқан отандық ғылымның классикалық дәстүрін жаңаша жандандыру. Тәуелсіздіктің 30 жылында ғылым тоқтап қалған жоқ. Дегенмен, мемлекет тарапынан ғалымдарды қаржылай ынталандыру тетіктері өз деңгейінде жұмыс істемеді. Ғылым академиясының жаңа мәртебе алып, Президенттің жанынан қайта ашылуы – ғалымдарға қамқорлық, жастарға зор мүмкіндік. Алдағы уақытта ғалымдарды ынталандыруға қатысты мемлекеттің нақты ұстанымы болады деп есептейміз, – деді Д.Қамзабекұлы.

Сондай-ақ ол ғылымға ішкі жалпы өнімнің 1%-ын бөлу дұрыс деп есептейді.

Ғылыми буын арасындағы сабақтастық жастардың ғылымға келуін мүмкіндік туғызады. Сонымен бірге, алда көп жоспарлар бар. Ғылым және жоғары білім министрлігі ішкі жалпы өнімнің 1%-ын ғылымға бөлу жөніндегі дәйекті ұсыныс беріп, нәтижеге жетсе дейміз. Бұл - өте маңызды. ТМД елдерін алсақ, Ресейде бұл көрсеткіш 1%-дан жоғары. Әлем елдерінде 2,5–5% аралығында. Бізде тым төмен. Ғылым жүйелі қаржы бөлінсе, ол елдің драйверіне әрі жетекші күшіне айналады, – деп атап өтті ҚР ҰҒА академигі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Дихан Қамзабекұлының жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы