Ғылым министрлігі вице-министрлерінде ғылыми дәреже болмағаны дұрыс па?

Бұл сұрақ Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз конференциясында Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Зәкиге қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ғылым және жоғары білімді басқаруға тартылған нақты тұлғаларды тиісті адамдар мен Мемлекет басшысы лайық бағалады деп ойлаймын. Олардың көпшілігі терең ғылыми жұмыстар үшін ғылыми дәрежеге ие болуы керек. Бірақ қазіргі кезде Ғылым және жоғары білім саласында жүйелі түрде басқару менеджменті жетіспейді, - деп жауап берді ол.

Сондай-ақ өз баяндамасында Дархан Жұмақанұлы кез келген елдің ғылымының дамуына негізгі төрт фактор әсер ететінін атап өткен болатын. Ол – кадрлық әлеует, қаржыландыру көлемі, ғылымның нақты сектормен байланысы және ғылымды әкімшілендіру сапасы.

Бүгінде елімізде 22 мыңнан астам ғылыми кадр бар. Оның 36%-ы 35 жасқа дейінгі жастар. Бір миллион халыққа 1172 ғалым келеді. Бұл көрсеткіш 1990-жылмен салыстырғанда 2 есеге азайған, - деді ол. 

Ғылым комитетінің төрағасы ғылыми әлеует ғылымды қаржыландырумен де тікелей байланысты екенін атады. 

2021 жылы жалпы ішкі өнімге шаққандағы ғылымның қаржыландыру көлемі 0,13%-ды құрады. Әлемдік тәжірибеде ғылымның нәтижелілігі – қаржыландыру көлемі жалпы ішкі өнімнен 1%-дан асқан кезде болады деп саналады. Дамыған елдерде бұл көлемнің үштен екісі жеке инвестициялардан қалыптасады, - деп мәлімет келтірді.  

Шет елдерде мемлекет көбінесе іргелі зерттеулерді қаржыландырады. Ал біздің елде барлық жауапкершілік республикалық бюджетке тиесілі екенін жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы