Ғылым комитеті: Жас ғалымдарға ҒЗИ-лардың басшылық қызметіне тағайындалу тәртібі жеңілдей түсті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жас ғалымдарға ғылыми-зерттеу институттарының басшылық қызметіне тағайындалу тәртібі жеңілдей түсті. Бұл туралы ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Кұрманғалиева Facebook-тегі жеке парақшасында жазды.
Байқауға қатысу үшін бұрынғыдай кем дегенде 5 жыл ғылыми-зерттеу институттарында басшылық қызмет ету талап етілмейді. Осы тармақты алып тастау бойынша жұмыс жүргіздік. Енді мамандық бойынша кемінде 5 жыл жұмыс өтілі, ал философия докторы (PhD), өз саласы бойынша доктор, ғылым кандидаты немесе ғылым докторы дәрежесінде кем дегенде 3 жыл жұмыс өтілі жеткілікті, - деп жазды Комитет төрағасы.
28 қаңтарда Комитет 7 ҒЗИ басшылығы қызметіне конкурс жариялады. Құжаттар 11 ақпанға дейін (қоса есептегенде) қабылданады. Үміткерлерге қойылатын талаптар мен конкурсқа қатысуға арналған құжаттар тізімі бар барлық хабарландырулар Ғылым комитетінің сайтында орналастырылған.
Жанна Құрманғалиеваның айтуынша, соңғы өзгерістердің нәтижесінде ғылыми-зерттеу институттарының дамуы байқалады.
Жетекші ғалымдардың жалақыларының базалық қаржыландыруға енгізіуі мен фундаменталды зерттеулермен айналысатын ҒЗИ-лардың конкурстан тыс қаржыландырылуы, мемлекеттік қаржыландыру мерзімдерін 5 жылға дейін ұзарту ғылыми-зерттеу институттарының дамуына жаңа серпін береді. Мемлекет басшысы Жолдауында осы өзгерістердің қажеттілігіне ерекше назар аударды, - деді ол.