Бүгiн 2026, 13:29 Фото: BAQ.KZ/Олжас Адай

Ғылым – басты бағыт: Қазақстан алпауыттардың моделіне бет бұрды – ғалым

Президенттің ғылымға басымдық беру саясаты ғалым мәртебесін көтеріп, Қазақстанның халықаралық ғылыми ықпалдастығын жаңа деңгейге шығарды.

Қазақстанда ғылымға деген көзқарас өзгеріп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары ғалымдарға ерекше көңіл бөліп, бұл бағытты мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналдырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жуырда Ақордада өткен салтанатты қабылдауда Мемлекет басшысы отандық ғалымдармен кездесті. Бұл соңғы жылдары қалыптасқан үрдіске айналып отыр. Сарапшылардың айтуынша, мұндай кездесулер ғылым саласының қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған.

Фото: Ақорда

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ғылыми орталығының жетекшісі Төлен Жеңісбекұлы Мұратбектің пікірінше, ғылымға басымдық беру – елдің ұзақмерзімді дамуының негізгі кепілі.

Соңғы конституциялық реформаларда ғылымға ерекше назар аударылып отыр. Тіпті Конституцияның преамбуласында ғылым мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі ретінде көрсетілді. Бұл – өте маңызды қадам, – дейді ол.

Оның айтуынша, дамыған елдер тәжірибесі де осыны дәлелдейді. Мәселен, Сингапур мен Жапония ғылымды ұлттық дамудың негізгі тірегі ретінде қарастырып, жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді. Қазақстан да осы бағытта нақты қадамдарға көшкен.

Президент бастамасымен ғылым саласында жаңа ынталандыру тетіктері енгізілуде. Соның бірі – ғалымдарға арналған Әл-Фараби атындағы мемлекеттік марапаттың тағайындалуы.

Фото: Ақорда

Қазіргі таңда Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ірі ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, шетелдік әріптестермен бірлескен бастамалар қолға алынған.

Қытаймен бірлескен ғылыми базалар құру бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен қатар Оңтүстік Кореямен Silknet жобасы іске қосылды. Бұл – ғылымдағы халықаралық интеграцияның нақты көрінісі, – деді Төлен Мұратбекұлы.

Төлен Мұратбекұлы саясаттану саласының маманы ретінде жастардың саяси мәдениеті мен қоғамдағы белсенділігін зерттеп келеді. Оның ғылыми қызығушылығы – жастардың саяси құндылықтарының қалыптасуы.

Фото: Ақорда

Өткен жылы ол АҚШ-тағы George Washington University жанындағы Орталық Азия бағдарламасының директоры Себастьян Пейрузпен бірлесіп зерттеу жүргізген. Нәтижесінде халықаралық деңгейдегі беделді The Diplomat журналында «Димаш феномені және Қазақстанның жұмсақ күші» атты сараптамалық мақала жарияланды.

Мақалада Димаш Құдайберген мысалында Қазақстанның жұмсақ күші, яғни мәдени ықпалы қарастырылды. Сонымен қатар еліміздің көпвекторлы саясаты мен Президенттің рөлі де талданды. Бұл тақырып халықаралық аудиторияның қызығушылығын тудырды, – дейді сарапшы.