Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысындағы мұнайшылармен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысында жұмыс бабындағы сапарда болды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Сенатор «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Атыраунефтемаш» және «Ембімұнайгаз» мекемелерінің басшылығымен және еңбек ұжымдарымен кездесті.
Сенатор жүздесу кезінде алдағы референдум туралы айта келіп, Конституцияға енгізілетін және еліміздің қазіргі кездегі саяси жүйесін өзгертуді көздейтін түзетулерге тоқталды. Қоғамдық-саяси өмірдегі өзгерістер еліміздің экономикасын дамытуға және халықтың тұрмысының жақсартуға тікелей әсер ететінін атап өтті.
Мемлекет басшысының бастамасы бойынша қолға алынған Конституциялық өзгерістер еліміздің қарқынды дамыту үшін аса қажет. Конституцияның бірқатар баптарына түзетулер енгізіледі және ондаған жаңа заң қабылданатын болады. Оның бәрі халқымыздың, жұмысшылар мен қызметкерлердің жағдайын жақсартуға ықпал етеді, - деді сенатор.
Ғұмар Дүйсембаев Палатаның заң шығару қызметі туралы айтып берді. Ол сондай-ақ алдағы референдумның маңызына тоқталып, еліміздің болашағын таңдау үшін қала тұрғындары мен кәсіпорын қызметкерлерінің бүкілхалықтық референдумға қатысатынына сенім білдірді.