Гуманитарлық ғылымдар екінші орынға ығысып кетті - депутат

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбай Жоғары ғылым министрі Саясат Нұрбекке сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат өз сауалында, нақты ғылымға көңіл бөлеміз деп гуманитарлық ғылымның шетке ығысып бара жатқанын айтты.

Құрметті Саясат Нұрбекұлы, өздеріңізге белгілі даму мен өркендеу мен қоғам мен мәдениеттің бастауында  ғылым тұр. Ғылымсыз білім де, тәрбие де, тәлім де тұл. Адамзат жеткен игіліктің  бүкілінде ғылыми негіз бар. Ұлттық статистиканың мәліметіне сәйкес, елімізде ғылым саласында 21 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оның ішінде 1700 жуығы ғылым докторы, 3800 астамы ғылым кандитаты болса, Phd докторлардың саны 1900 адам. Оның ішінде ғалымдардың 34 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар. Ғылымды қаржыландыру да соңғы жылдары шамамен екі есеге өсті. Дегенмен, оның ішінде техникалық және жаратылыстану ғылымдарына жұмсалатын шығындар гуманитарлық ғылымдарға қарағанда бес есеге көп. Яғни, 2023-2025 жылдар аралығында қаржылай қолдауда нақты ғылымдарға 62 млрд теңге бөлінсе, гуманитарлық ғылымға 18 млрд теңге ғана қарастырылған,- деді Елнұр Бейсенбай. 

Бейсенбайдың айтуынша, жоғары оқу орындарында гуманитарлық мамандықтарды сапалы әрі жүйелі оқыту қажет.

Бүгінде, философия, тарих, саясаттану және журналистика т.б гуманитарлық ғылымдар түрлі себептерге байланысты екінші орынға ығысып кетті. Бұл мәселе кадрлар арасындағы тұрақсыздықтың орын алуына әкеліп соқтыруда. Гуманитарлық саладағы жас ғалымдар жыл санап азайып келеді. Ғылым докторларының тек 15 пайызы 40 жасқа дейінгі азаматтар. Бұл теріс тенденцияның гуманитарлық ғылымға тигізер залалы көп. Біле білсеңіздер, гуманитарлық ғылым тез арада пайда табудың жолы бола алмайды. Керісінше, адамзатқа ақыл-ой, рухани ілім мен білімді сіңіру үшін қоғамның дамуында билік пен халыққа жауап іздейтін бағыт. Оларға қалдықты принциппен қарауды тоқтатып, керісінше,  бұл ғылымға қоғамдық және әлеуметтік үрдістердің мәнін түсінуге бағытталған сала екенін түсінетін уақыт жетті, - деді Мәжіліс депутаты. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы