Гуманитарлық дағдарыс: Суданның төрт штатында тырысқаққа күдік тіркелді
ДДСҰ мәліметінше, елде індеттен 114 адам қайтыс болып, 1330-дан астам адам ауру жұқтырған.
Суданның Денсаулық сақтау министрлігі елде жалғасып жатқан қақтығыс салдарынан ушығып бара жатқан гуманитарлық дағдарыс аясында Солтүстік Кордофан, Батыс Кордофан, Оңтүстік Дарфур және Хартум провинцияларында тырысқаққа күдікті жағдайлар анықталғанын хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ахуал Хартумда өткен Төтенше операциялар жөніндегі федералдық орталықтың отырысында талқыланған.
Хабарламаға сәйкес, жиын барысында Солтүстік Кордофан, Батыс Кордофан, Оңтүстік Дарфур және Хартум провинцияларында тырысқаққа күдікті жағдайлар тіркелгені айтылған. Алайда науқастардың нақты саны жарияланған жоқ.
Министрлік сондай-ақ қызылша ауруына шалдыққандар санының азайғанын хабарлады. Соңғы мәлімет бойынша, ауруға күдікті 25 жаңа жағдай тіркелген. Қайтыс болғандар жоқ.
10 шілдеде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Дарфур мен Кордофан өңірлерінде тырысқақ індетінің таралғанын мәлімдеген болатын.
ДДСҰ дерегіне сәйкес, бұл аймақтарда тырысқақтан 114 адам көз жұмып, 1330-дан астам адамнан ауру анықталған. Ұйым алдағы уақытта науқастар мен қайтыс болғандар саны артуы мүмкін екенін ескертті.
ДДСҰ бұған дейін Судандағы 33 миллионнан астам тұрғынның гуманитарлық көмекке мұқтаж екенін, ал 21 миллион адамның медициналық қызметке қол жеткізуі қажет екенін де хабарлаған.
Қазіргі уақытта Судан армиясы мен Әскери жедел қолдау күштері (СБР) арасындағы қақтығыстар Дарфурда, елдің оңтүстік-шығысындағы Көгілдір Ніл штатында, сондай-ақ Солтүстік, Батыс және Оңтүстік Кордофан провинцияларында жалғасып жатыр.
2023 жылдың сәуір айынан бері армия мен СБР арасындағы қақтығыс салдарынан ондаған мың адам қаза тауып, миллиондаған тұрғын өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.
БҰҰ мәліметінше, Суданда миллиондаған адам ашаршылық қаупімен бетпе-бет келіп отыр.
Еске салайық, бұған дейін Конго Демократиялық Республикасында Эбола індетінен 999 адам көз жұмғаны белшілі болды.