Гүлшара Әбдіқалықова инвестиция неліктен төмендеп кеткенін түсіндірді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстағы инвестиция көлемінің неліктен төмендеп кеткенін түсіндірді.
Жылдың алғашқы 9 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 3,5%-ға, ауыл шаруашылығы 3,1%-ға артты. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5,4%-ға 47,4 мыңға дейін өсті. Осы уақыт аралығында 485 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс экономикасына 181 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Бұл өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 70%-ға жуық, - дейді Гүлшара Әбдіқалықова.
Ол осы ретте инвестицияның төмендеп кетуінің себебін түсіндірді. Яғни былтырғы жылы бірнеше ірі инвестициялық жобаларды іске асыру аяқталған.
Олардың үлесіне жылдық инвестициялар көлемінің шамамен 30%-ы тиесілі болды. Сонымен қатар биылғы жылы енгізілген шектеулерге байланысты жалпы экономикаға тартылған инвестициялар көлемі қысқарды. Бұл құрылыс жұмыстарының көлеміне де әсер етті. Өкінішке қарай, жұмыс істеп тұрған кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндіру көлемінің қысқару үрдісі сақталып отыр (82,9%). Осы жағдай өнеркәсіптегі өнім өндірісінің көрсеткішіне (88,2%) әсер етеді. Бұл жерде бізде тікелей тәуелділік бар, өйткені тау-кен өндіру саласының үлесіне барлық өнеркәсіптік өндірістің 70%-дан астамы тиесілі. Сондықтан мұнай өндіру көлемін қысқарту біз үшін үлкен проблема болып отыр. Оның үстіне, мұнай саласында 12 мыңнан астам адам еңбек етеді, -деді әкім.