Гүлмира Сатыбалды сот отырысында соңғы сөзін айтудан бас тартты
Гүлмира Сатыбалды мен оның көмекшісі Мәди Батыршаевтың ісі бойынша сот талқылауы кейінге қалды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Сот дәстүр бойынша сотталушылардан соңғы сөздерін айтуды сұраған еді. Алайда Гүлмира Сатыбалды судьядан денсаулығына байланысты сот отырысын кейінге қалдыруды сұрап, соңғы сөзді айтудан бас тартты.
Сотталушы сот отырысына қатыса алмайтындықтан, өзінсіз жалғастыра беруін өтінген.
Мен өзімді өте нашар сезініп тұрмын. Ал тыңдаулардың менсіз өтуін сұраймын. Соттың менсіз өтуіне еш қарсылығым жоқ. Мен адвокаттарымды барлық жағынан қолдаймын, - деді Гүлмира Сатыбалды.
Судья сот талқылауына қоғамдық қорғаушы ретінде қатысып жатқан Сатыбалдының қызы Аружан Қайраттың сөз сөйлеуге мүмкіндігі бар екенін еске салды. Бірақ Аружан Қайрат сотта анасын қорғап жатқан адвокат Данилованы толық қолдайтынын айтты.
Еске салсақ, 19 тамызда Қайрат Сатыбалдының бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша сот тергеуі аяқталған болатын.
Алдыңғы сот отырысында прокурор Алмаз Байбарақов соттан Гүлмира Сатыбалдыны 13 жылға, Мәди Батыршаевты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.