Көктем шуағы. Қарағандының гулливер гүлдері

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда көктемнің келуін күтпеген гүлдер ерте гүлдеді. Қала тұрғындары мен қонақтары екі метрден асатын жауқазындар мен қызғалдақтарды қызықтаудан жалығар емес.

Бәйшешек, раушан, түймедақ... көздің жауын алатын гүлдерді көргенде ғажайып әлемге тап болғандай боласыз. Қарағандының тарихи-өлкетану мұражайында ашылған ерекше көрме көктем шуағы сезіле қоймаған қалаға жылылық беріп тұрғандай.

Көрменің авторы колөнерші Виктория Конова қолдан жасалған туындыларды тек тамашалап қана қоймай, суретке түсіп, ұстап көруге де болатындығын айтады.

«Гүлдер «полиэтилен көпіршігі» аталатын экологиялық таза әрі қауіпсіз материалдан жасалады. Бұл жұмсақ, жеңіл, иілгіш әрі берік материал. Гүлдердің үлкейтілген нұсқасын жасауда таптырмас өнім. Онымен жұмыс жасау өте ыңғайлы. Полиэтиленді өзімізге қажетті температурада жылытып, содан кейін жұмыс істей береміз», - дейді Виктория Конова.

«Бұл көрмені қарағандылықтар мен шаһар қонақтарына көктемнің алғашқы күндерінде көңілдеріне қуаныш, жүректеріне жылылық сыйлау үшін аштық. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Былтырғы көрмеден ерекшелігі гүлдерге жарық шамдарын қостық, енді олар жанады әрі әдемірек бола түсті. Бұрын полиэтилен материалын бояйтынбыз. Қазір бұл өнім әртүрлі түсте өндіріледі. Жұмысымыз аздап жеңілдеді. Сондай-ақ, биылғы жаңашылдығымыз – капроннан қара ұлпа гүлін жасадық. Қазір бұндай гүлдерді Жапонияда көптеп жасайды, біз де жасап көрмек болдық, қолымыздан келді. Шамамен екі апта уақыт кетті», - дейді қолөнерші.

13 композициядан тұратын көрмені жасауға бірнеше ай уақыт кеткен. Бастысы – бұл гүлдер ерте солмайды. Олар әдемілігін ұзақ уақыт сақтайды.

«Бұл көз майымызды тауысатын, шыдамдылық пен төзімділікті қажет ететін еңбек. Күні-түні ұйықтамай жұмыс жасаймыз десем де болады. Уақыттың жетпейтіндігін байқаймын. Дегенмен әрбір туынды жарыққа шыққан сайын жүрегімдегі сабырлылықтың артатынын білемін. Бойында нәзіктік пен әдеміліктің болғанын қалайтын гүлдерді жасауда осыдан артық ештеңе керек емес», - дейді көрме авторы.

Қолдан жасалған алып гүлдердің дизайнерлік макеттерін қызықтаушылар суретке түсіп, бір-бірімен әсерлерін бөлісуде.

«Бұл жерде сондай әдемі. Ертегі әлемінде жүргендей сезіндім. Гүлдерге қарай бергің келеді. Олар тіпті тірі сияқты, тек тым үлкен, біздің бойымыздан асады. Бауырым екеумізді осында әкелген анама рахмет», - дейді 8 жасар Полина.

«Кісі бойынан асатын өсімдіктердің аса үлкен шеберлікпен жасалғаны көрініп тұр. Олар өте шынайы. Мұндай әдемі көрмені алғаш рет көруім. Көздің жауын алатын, жаныңызды тыныштандырып, көңілге қуаныш сыйлайтын туындылардың авторы шығармашыл адамы екендігі көрініп тұр», - дейді көрмеге келуші бойжеткен.

Көрменің авторы В.Конова көркемөнер саласында білім алмаған, оның мамандығы маркетолог. Алайда маркетолог дипломы оның қолөнермен, дизайнерлік өнімдерді жасаумен айналысуына кедергі болмады.

«Осы іспен айналысқаныма 3-4 жылдың жүзі болды. Өзіме ұнайды, табысым да жақсы. Қазіргі уақытта тойларға, мерекелерге тапсырыспен арнайы стендтер, фотозоналар, баннерлер дайындаймыз», - дейді ол.

Мұражайдағы өзгеше көрме 31 наурызға дейін жалғасады. Жоба авторлары бұдан кейін Жезқазған қаласына екі апта уақытқа сапарлауды жоспарлап отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы