Гүлге деген махаббат бүкіл ауылды жұмыспен қамтып отыр
Алматы облысы Шелек ауылында жыл бойы көктем мезгілі болып тұратын керемет жер бар. Жылыжайдың иесі Гүлжахрам Зурдинова оның есігін аша салысымен жылудың толқыны, топырақ пен бояудың хош иісі мұрныңа келеді. Бұл жерде шырайгүл мен жауқазындар жайқалып гүлдейді, раушангүлдер ерекше нұрланып, сүмбіл гүлдер құлпырып ашылады. Мұндай "әдемі" істі бастауға кәсіпкерге төрт жыл бұрын жеңілдікпен несие беретін "Ауыл аманаты" бағдарламасы көмектескен.
Гүлжахрамның өсімдіктерге деген махаббаты бала күнінен қалыптасқан. Өмірлік жолдасы екеуі жеті жыл бойы нағыз жылыжай салуды армандап, шағын көшетханада көшет өсірген. Бір кездері голландиялық гүлдерді сатып алуға да тырысқан. Алайда голланд гүлдері: қымбат, әдемі, бірақ өкінішке қарай, ауылдың барлық тұрғыны үшін қолжетімді емес.
Мен әрқашан адамдардың өздеріне гүл сатып алатындай жағдайлары болса екен деп армандайтынмын. Ауылда тұратын әр әйел мен сияқты әдемі гүл шоғын дастарханның үстіне қойып, мұны бір қол жетпейтін дүние деп ойламайтындай күнге жетсек дейтінмін, - деп ағынан жарылды Гүлжахрам Зурдинова.
Төрт жыл бұрын кәсіпкердің арманы орындала бастаған. Таныстарынан ол "Ауыл аманаты" мемлекеттік бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік бар екенін біледі. Алматы облысының әкімдігінде кәсіпкерді мұқият тыңдап, қажет құжаттар тізімін ұсынған. Барлығымен сәтімен басталды: жол сілтеп, көмек көрсетуге дайын адамдар кездесті. Нәтижесінде 25,8 миллион теңге көлеміндегі несие бес жылға берілді.
Бүгінде осы қолдаудың арқасында ашылған жылыжайда жыл бойы жып-жылы. 300 шаршы метрде шырайгүл, қызғалдақ, сүмбіл, наурызгүл, теңбілгүл, бақытгүл, жұлдызгүл, раушангүл мен ондаған гүл түрлері жайқалып өседі. Отбасы өз күшімен жасаған екінші жылыжайдың көлемі – 220 шаршы метр. Өсімдіктердің бұл патшалығында жан жары, екі ұлы, келіні мен жиендері жұмыс істейді. Әр атыз ерекше көңіл бөлуді талап ететін маусымда жылыжай жұмысына бірнеше ауыл тұрғыны қосылады.
8 наурызда Гүлжахрам мен оның командасы 18 мың қызғалдақ, жүздеген құмыра теңбілгүл, наурызгүл мен цинерарий өсірген. Барлығы бір талы қалмай сатылып кетіпті. Сатып алушылар – негізінен ауыл тұрғындары: мектеп, балабақшалар, ауруханалар, жеке мекемелер. Сондай-ақ тұрақты табыс алматылық "Алтын Орда" базарындағы екі сауда нүктесінен түсіп тұрады.
Өсімдіктер гүлдей бастағанда, бұл – кішкентай бір ғажайып дерсіз! Сен оған бар күшіңді, қамқорлығыңды бердің, ол саған әдемілікпен жауап қатады. Жылыжайдан қолына әдемі гүл шоғын ұстап, ризашылықпен адамдар шығып келе жатқанда, бұл – екі есе қуаныш сыйлайды, - дейді жылыжай иесі күлімсіреп.
Гүлжахрамның ендігі арманы – көше өсімдіктері мен бөлме өсімдіктері бір бөлек, ал көпжылдық өсімдіктер – біржылдықтан бөлек өсетін жаңа жылыжай ашу.
Егер біз ауылда өзіміз мүмкіндіктер тудырсақ, ешкім табыс көзін іздеп шетке кетпейді, - дейді ол.
Осындай ақжарма көңілімен бар махаббатын беріп өсірген гүлдер де берік әрі жанды болса керек-ті. Олар тек жерде ғана емес, өзінің туған өлкесіне, өз ісіне және адамдарға деген ерекше сүйіспеншіліктен өсіп-өніп келеді.