Бүгiн 2026, 18:02 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Гүлдара Нұрым: Дәріханаларға қатысты даулы норма депутаттардың ұсынысымен өзгертілді

Мәжіліс депутаты үш жылдық жұмысының қорытындысын шығарып, денсаулық сақтау, дәріханалар қызметі мен білім саласына қатысты бастамалары туралы айтты.

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым VIII шақырылымдағы Парламент жұмысы барысында денсаулық сақтау, білім беру және өңірлерді дамытуға қатысты бірқатар маңызды заңнамалық бастамаларды көтергенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, үш жыл үш ай ішінде 30 депутаттық сауал жолдап, төрт жұмыс тобына жетекшілік еткен. Сонымен қатар бес заң жобасына бастамашы болып, пленарлық отырыстарда өзекті мәселелерді көтеріп, үкімет сағаттарына, парламенттік тыңдаулар мен дөңгелек үстелдерге тұрақты қатысқан.

Өзім дәрігер болғандықтан, ең алдымен денсаулық сақтау саласының мәселелерімен айналыстым. Сонымен қатар бірмандатты округтің депутаты ретінде Жамбыл облысының түйткілдерін көтердім. Бұдан бөлек, еліміздің барлық өңірінен келген азаматтардың өтініштерімен жұмыс істедім, – деді депутат.

Гүлдара Нұрымның айтуынша, осы шақырылымдағы ең маңызды бастамалардың бірі – шетелдік азаматтардың «Суррогат ана» жобасына қатысуына тыйым салатын түзету болған. Заң жобасы Парламенттің екі палатасында қаралып, қазір Мемлекет басшысының қол қоюына жолданған.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында медицина ұйымдары мен дәрігерлерге салынатын айыппұлдарға қатысты нормаларды қайта қарап, артық санкцияларды алып тастауға қол жеткізгенін айтты.

Депутат ерекше тоқталған мәселелердің бірі – дәріханаларға халықаралық GPP (Good Pharmacy Practice) стандартын енгізу.

Оның айтуынша, бастапқы редакция қабылданғанда ауылдық жерлердегі және шағын қалалардағы дәріханалардың басым бөлігі жабылып қалу қаупі болған.

Біз әріптестерімізбен бірге халықаралық стандарттарды міндетті емес, ерікті негізде енгізуді ұсындық. Себебі бүгінде дәріханалардың 92 пайызы жаңа талаптарға дайын емес. Егер бұл талап бірден күшіне енсе, ауылдық дәріханалар ғана емес, аудан орталықтарындағы көптеген дәріханалар да жабылар еді. Соның салдарынан ірі желілердің монополиясы күшейіп, дәрі бағасы қымбаттауы мүмкін болатын, – деді ол.

Гүлдара Нұрым қазіргі таңда дәріханалардың лицензия алу кезінде температуралық режим, ылғалдылық, тоңазытқыш жабдықтары сияқты барлық негізгі талаптарды орындап отырғанын, сондықтан қосымша талаптарды кезең-кезеңімен енгізу қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар депутат білім беру саласына қатысты маңызды өзгерістердің бірі ретінде мектептерді қаржыландыруға жауапты бюджетті облыстық деңгейден аудандық деңгейге беру туралы түзетуді атады.

Оның пікірінше, бұл шешім жергілікті мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.

Аудан әкімдері өз аумағындағы мектептердің жағдайын жақсы біледі. Ал облыстық басқармалар жүздеген білім беру ұйымына бірдей жауап береді. Сондықтан қаржыны аудан деңгейіне беру тиімді болады деп есептеймін, – деді Мәжіліс депутаты.

Бұдан бөлек, ол БАД өнімдерін дәрілік заттармен бірге сатуға қатысты талаптарды күшейту, оларды дәрігердің кеңесінсіз шамадан тыс қолданудың алдын алу мәселелерін де көтергенін жеткізді.