Гүлдана Иманбай: Қыста саяхат жасау арзанға түседі

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, орта есеппен 25 жастан үлкен әр қазақ жыл сайын саяхатқа 1,2 мың доллар жұмсайды. Шетелге алғаш саяхаттайтын отандастарымыз нені білуі керек? Жылдың қай мезгілі саяхатшылар үшін тиімді?  Осы және өзге де сұрақтарға туристік агенттік басшысы Гүлдана Иманбай жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Гүлдана ханым, Қазақстандықтар көбіне қай елдерге саяхаттайды?
- Қазақтар тарапынан ең көп сұранысқа ие үш мемлекет бар. Олар – Түркия Республикасы, Біріккен Араб Әмірлігі және Мысыр елі. 

- Жылдың қай уақытында саяхат жасаған тиімді?
- Әр мемлекеттің өзіндік маусымдары болады. Мысалы, Түркияға жаз,күз айларында саяхаттауға қолайлы. Египетке көктем, қыста, Дубайға күз, қыс, көктем айларында саяхат жоспарлай аласыз. Бірақ жоғарыда аталған арнайы маусымдардан тыс уақытта, яғни қыста саяхат жасар болсаңыз сіз әлдеқайда арзан бағаға  билет ала аласыз. Дегенмен ол саяхатыңыз маусымдық саяхаттағыдай әсер сыйламасы анық.

- Елімізде шетелге шығуға қорқатын адамдар әлі бар. Мүмкін оған себеп ағылшын тілін білмеуі. Жалпы, туристік агенттік арқылы саяхат жасаудың тиімділігі қандай?
- Туристік агенттік жеке және топтық турларды ұйымдастырады. Жеке турдың артықшылығы - егер оқыс жағдайлар болып қалса саяхатшыны шетелдің қай бұрышында болса да елге жеткізу үшін барлық мүмкіндікті жасайды. Ал  топтық турларда бұрын шетелге шығып көрмеген адамдар өз қорқыныштарын жеңіп, толықтай бізге сенім арта алады. Топтық турда Қазақстаннан шығып, қайта оралғанша арнайы гид бағдар беріп отырады. Бұл тіл білмейтін,жол білмейтін саяхатшылар үшін таптырмас мүмкіндік. 

- Саяхаттаушылар саяхат алдында нені білуі керек? 
- Ең алдымен бара жатқан мемлекеттің ережесін, тарихын білу керек. Қандай шектеулер бар, талаптар бар соның бәрін мұқият оқып алғаны жөн. Және сол елдің қарапайым екі-үш сөзін жаттап алу да артықтық етпейді. Екіншіден, саяхат алдында құжаттарының толық екеніне көз жеткізіп, оны ықтияттап ұстау керек. Себебі, кей мемлекеттерде қалта ұрлығы өте көп. Үшіншіден,әрбір азамат өз құқығын білуі керек. 

- Әлем бойынша ең аз және ең көп қаражатты қажет ететін елдер қайсысы?
- Қазақтар жиі баратын Египет пен Дубай қалаларын салыстырғым келіп отыр. Ең аз қаражат кететін ел – Мысыр елі. Египетке тур пакеті қымбаттау болуы мүмкін. Бірақ, ондағы тамақтану орындары, трансфер, қыдыру кешендері, қызметтер бағалары арзан. Ал Дубай – әлемдегі ең қымбат қалалардың бірі. Тур пакеті арзан шыққанымен, Дубайда шығатын шығынның көлемі көп болуы мүмкін. Соны ескерген абзал.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы