"Гүл жеткіземіз": 8 наурыз алдында алаяқтардың жаңа айласы пайда болды
Мереке қарсаңында алаяқтар көбейіп, жалған гүл жеткізу мен "арзан сыйлық" схемалары таралуда.
8 наурыз мерекесі қарсаңында алаяқтар гүл мен сыйлыққа байланысты мерекелік қарбаласты пайдаланып, түрлі айла-тәсілдерге көшкен. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Гүл жеткізу" схемасы
Көбіне алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, гүл немесе сыйлық жеткізуге тапсырыс рәсімделгенін айтады. Содан кейін «тапсырысты растау үшін» SMS-кодты айтуын сұрайды.
Мұндай кодты беру ақша қаражатының есепшоттан шешіліп кетуіне, несие рәсімделуіне немесе банктік қосымшаға қолжетімділік беруге әкелуі мүмкін, – деп ескертті Бас прокуратура.
Кей жағдайларда алаяқтар өздерін банк қызметкері, қауіпсіздік қызметінің маманы немесе курьерлік компания өкілі ретінде таныстырады.
"Үлкен жеңілдік" ұсынатын жалған дүкендер
Мереке қарсаңында әлеуметтік желілерде гүлдер мен сыйлықтарды өте арзан бағамен ұсынатын жалған парақшалар да пайда болады. Мұндай жағдайда сатып алушы алдын ала төлем жасағаннан кейін сатушылар байланысқа шықпай кетеді.
Бас прокуратура азаматтарға сыйлықтарды тек сенімді сатушылардан сатып алуға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және SMS-кодтар мен банктік деректерді ешкімге бермеуге кеңес берді.