22 Қараша 2026, 00:30 Фото: depositphotos.com

GTA VI алғашқы тәулікте 3,79 млрд доллар табыс тапты

Осы көрсеткіш арқылы GTA VI 2013 жылы шыққан алдыңғы бөлімнің рекордын жаңартты.

«Grand Theft Auto VI» (GTA VI) бейне ойыны жарық көрген алғашқы 24 сағатта 3,79 млрд доллар табыс әкеліп, ойын-сауық индустриясындағы ең табысты шығарылым атанды. Rockstar Games әзірлеушісінің мәліметінше, осы уақыт ішінде ойынның 32,5 млн данасы сатылған. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Осы көрсеткіш арқылы GTA VI 2013 жылы шыққан алдыңғы бөлімнің рекордын жаңартты. Ол кезде GTA V алғашқы тәулікте шамамен 800 млн доллар табыс тапқан еді. Жаңа ойынның алғашқы күнгі кірісі одан бес есеге жуық жоғары болды.

Сонымен қатар GTA VI барлық уақыттағы ең көп табыс әкелген фильмдердің бірі саналатын «Кек алушылар: Финал» картинасынан да озып, ойын-сауық индустриясындағы жаңа рекорд орнатты.

Rockstar Games президенті әрі негізін қалаушы Сэм Хаузер ойыншылардың ықыласына ризашылығын білдіріп, жаңа жобаны студия тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деп атады.

GTA VI-дің шығуын жанкүйерлер 13 жылдан астам уақыт күтті. Take-Two Interactive компаниясы ойын өндірісіне шамамен 1 млрд доллар жұмсаған. Жоба әзірлеуші компанияның қаржылық көрсеткіштерін арттыруға тиіс.

Ал инвесторлар ойынның компьютерлік нұсқасы мен онлайн режимінің қашан іске қосылатынын күтуде. Салалық сарапшылар бұл нұсқалар 2027 жылы жарық көруі мүмкін деп болжайды. Олардың пікірінше, онлайн режимі компанияға ұзақ мерзімді табыс әкелетін маңызды бағытқа айналмақ.