24 Қараша 2026, 10:15 Фото: Rockstar Games

GTA 6-да Қазақстан бар ма? Ойыншылар елімізге қатысты тосын деталь байқады

GTA 6-да Қазақстанның атауы аталып, қазақстандық геймерлердің қызығушылығын оятты.

13 жылдық үзілістен кейін жарық көрген Grand Theft Auto VI (GTA 6) ойын индустриясындағы басты оқиғалардың біріне айналды. Жаңа бөлімді әлемнің түкпір-түкпіріндегі геймерлер асыға күткен. Қазақстандық ойыншылар да жаңалықтан тыс қалмады. Әсіресе ойын ішінен елімізге қатысты белгі іздегендер көп. Бір қызығы, жаңа бөлімде Қазақстан атауы шынымен аталады. GTA 6 несімен ерекшеленеді, бағасы қанша және әзірлеушілер елімізге қандай сілтеме жасаған? BAQ.KZ тілшісі анықтап көрді.

13 жыл күткен ойын рекорд орнатты

Grand Theft Auto VI – Rockstar Games компаниясы әзірлеген танымал ойын сериясының алтыншы негізгі бөлімі. Алдыңғы GTA V 2013 жылы жарық көрген еді. Содан бері ойыншылар жаңа бөлімді 13 жыл күтті.

Ойын 2026 жылғы 19 қарашада PlayStation 5 және Xbox Series X|S платформаларында ресми түрде шықты.

Әзірлеушілердің мәліметінше, GTA 6 алғашқы тәулікте 3,79 миллиард доллар табыс әкелген. Бұл көрсеткіш ойын индустриясын ғана емес, жалпы ойын-сауық нарығындағы рекордтық нәтижелердің бірі саналады. Компанияның хабарлауынша, ресми релизге дейін ойынның 32,5 миллион данасы сатылған. Ойынның АҚШ-тағы стандарт нұсқасының бағасы – 79 доллар 99 цент. Бұл шамамен 36 мың теңгеден асады. Қазақстандағы нақты құны сатушы мен сатып алу платформасына байланысты өзгеруі мүмкін.

GTA 6-ның басты ерекшелігі неде?

Жаңа бөлімнің оқиғасы АҚШ-тың Флорида штатынан шабыт алған ойдан шығарылған Леонида аймағында өрбиді. Оның басты локацияларының бірі – ойыншыларға бұрыннан таныс Вайс-Сити қаласы.

Оқиғаның негізгі кейіпкерлері – Джейсон Дюваль мен Люсия Каминос. Олардың өмірі, қарым-қатынасы және түрлі оқиғаларға араласуы ойын желісінің өзегіне айналған.

GTA 6-ның басты ерекшеліктерінің бірі – қоршаған ортаның егжей-тегжейлі бейнеленуі. Қала көшелері, табиғат көріністері, ауа райының өзгеруі мен кейіпкерлердің қозғалысы ойын әлемін шынайы етіп көрсетуге бағытталған.

Сонымен қатар әзірлеушілер қазіргі интернет мәдениетін де назардан тыс қалдырмаған. Ойын көріністерінде әлеуметтік желілерге ұқсас қысқа видеолар кездеседі. Бұл – бүгінгі қоғамдағы цифрлық ортаның ықпалын көрсететін детальдардың бірі.

GTA 6-да Қазақстан туралы не айтылған?

Ал енді қазақстандық ойыншыларды қызықтырған басты сұраққа келейік. Жаңа бөлімде Астана немесе Қазақстанның жеке локациясы жоқ. Дегенмен ойын ішінен елімізге қатысты тосын сілтеме табылды.

 Ойынның төртінші тарауындағы бір миссия кезінде кездейсоқ кейіпкер Қазақстан мен Бразилияны атап өтеді.

Диалогта кейіпкер бір адам туралы сөз қозғап, оның «қазақтар ма, әлде бразилиялықтар ма» екенін білмейтінін айтады. Бұл реплика қазақстандық геймерлердің назарын аударып, әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. 

Бірі мұны Қазақстанға жасалған әзіл ретінде қабылдаса, енді бірі әзірлеушілердің географиялық стереотиптерді әжуалауы деп түсіндірген. Әзірге Rockstar Games бұл репликаның нақты қандай мақсатпен енгізілгеніне қатысты жеке түсініктеме берген жоқ.

Айта кетейік, Қазақстанға қатысты белгі алдыңғы бөлімде де байқалған еді. GTA V ойынында басты кейіпкерлердің бірі Франклиннің үйіндегі бас киімнің түсі мен дизайны Қазақстан туына ұқсайды деген пікір тараған болатын.