Грузияда ұлттық аза тұту жарияланды
Ел бойынша барлық әкімшілік ғимараттарда мемлекеттік ту төмен түсірілген.
Грузия елінде православ шіркеуінің басшысы, Католикос-Патриарх Илия II қайтыс болуына байланысты ұлттық аза тұту жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үкімет әкімшілігінің мәліметінше, ел бойынша барлық әкімшілік ғимараттарда мемлекеттік ту төмен түсірілген.
Патриархтың қайтыс болғаны туралы Католикос-Патриархтың жергілікті міндетін атқарушысы, владыка Шио хабарлаған.
Бүкіл Грузияның Католикос-Патриархы, қасиетті әрі мәртебелі Илия II дүниеден өтті. Ол – тұтас бір дәуірдің адамы еді. Оның өмірден өтуі бүкіл православ әлемі үшін орны толмас қайғы, – деді ол.
Илия II 94 жасында Тбилиси қаласындағы Кавказ медициналық орталығында қайтыс болды. Ол денсаулығының нашарлауына байланысты ауруханаға жатқызылған.
Қайтыс болған сәтте ауруханада ел үкіметінің мүшелері, премьер-министр Ираклий Кобахидзе және президент Михаил Кавелашвили болған.
Патриархтың денесі Қасиетті Үштік соборына қойылады. Жерлеу орны мен басқа да мәліметтер кейінірек хабарланады.
Денсаулық сақтау министрі Михаил Сарджвеладзенің айтуынша, патриарх ауруханаға алдыңғы түні жеткізілген. Өлім себебі – бүйрек, өкпе және жүрек жеткіліксіздігінен туындаған асқынулар. Сондай-ақ ол асқазаннан қан кету диагнозымен жансақтау бөліміне түскен.