Грузияда оқушылар мінген шағын автобус жол апатына ұшырады
Жол-көлік оқиғасы салдарынан бір адам қаза тапты.
Грузияның азербайжандар тұратын Гардабани қаласында мектеп оқушыларын экскурсияға алып бара жатқан шағын автобус жол апатына ұшырады.
Report агенттігінің мәлімдеуінше, оқиға жол жиегінде тоқтап тұрған көліктің қатысуымен болған. Ішінде 30 жолаушысы бар шағын автобусқа жеңіл автокөлік келіп соғылған.
Соқтығыс салдарынан жүргізушілердің бірі екі көліктің арасында қыстырылып қалып, алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Қаза тапқан адам – Гардабани қаласының 68 жастағы тұрғыны, – деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ бірнеше оқушы түрлі дәрежедегі жарақат алған. Зардап шеккендердің нақты саны мен олардың жағдайы туралы әзірге ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадалары жетті. Аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.