Грузияда автобус жарға құлап, 17 адам қаза тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жол апаты Бисо ауылының жанында Шатили жолында болды. Аман қалған үш жолаушы ауруханаға жеткізіледі. 

Грузияның  Мцхета-Мтианети аймағы Хевсуретидегі Шатили ауылы тауларында шағын автобус жарға құлап, апат салдарынан 17 адам қаза тапты. Үш адам ауыр жарақат алды, деп хабарлады Интерфакс елдің ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жолаушылары бар микроавтобус шамамен, 80 метр биіктіктен жартасты беткейге құлаған.

Апат туралы хабарлама алғаннан кейін оқиға орнына ІІМ бөлімшелері, патрульдік және криминалдық полиция бригадалары, өрт сөндірушілер мен арнайы техникасы бар құтқару командалары, жедел жәрдем бригадалары жіберілді.

Алғашқы ақпаратқа сәйкес, микроавтобустағы 17 азамат қайтыс болды, үшеуі ауыр жарақат алды. Құтқарушылар зардап шеккендерді қауіпсіз аумаққа жеткізді, жедел жәрдем бригадалары оларды клиникаларға тасымалдайды. Қалған жолаушыларды іздеу жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, жолаушылардың денелерін сәйкестендіру және басқа да жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде, - делінген хабарламада.

Қайғылы оқиға орнына Ішкі істер министрінің орынбасары Иосиф Челидзе мен төтенше жағдайларды басқару қызметінің басшысы Темур Мгебришвили барды. Олар іздестіру-құтқару іс-шараларын тікелей қадағалайды.

Куәгерлердің айтуынша, микроавтобус үлкен биіктіктен жартасқа құлар алдында автокөлікпен соқтығысқан. Шағын автобуста жолаушылар арасында балалар болған деп болжануда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы