Грузия аудиториясы Қазақстанның жаңа бастамаларымен таныстырылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Грузияның жетекші талдау орталықтары, іскерлік ортасы мен БАҚ басшыларының қатысуымен Қазақстанның жаңа реформалары мен трансформациясына арналған дөңгелек үстел өтті.
Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанның Грузиядағы елшісі Бауыржан Мұхаметжанов қатысушыларды елімізде жыл басында орын алған қаңтардағы оқиғалардан кейін қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Мемлекет басшысының батыл шешімдерінің арқасында Қазақстан тұрақсыздандыру мен жаппай тәртіпсіздікті болдырмай, қысқа мерзімде қалыпты өмірді орнына келтіре алғанын атап өтті.
Дипломат қатысушыларды Қазақстанның жаңа Үкіметінің экономикалық реформаларды жүзеге асыру және әлеуметтік жағдайды жақсарту жөніндегі міндеттерімен таныстырды. Соңғы уақытта қазақстандықтарды өзекті мәселелерді – кәдеге жаратуалымы, күштік құрылымдары жаңғарту, халық тұтынатын негізгі тауарлар мен өнімдер бағасының тым шарықтап кетуі, тағы басқаларды - шешу бойынша нақты шаралардың қабылданғанын атап өтіп, биліктің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сәйкес жұмысын жалғастыратынын тілге тиек етті.
Елші еліміз шетелдік әріптестер мен бизнес алдында қабылдаған барлық міндеттемелері толық көлемде орындалатынын, Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы әзірленетінін хабарлады.
Саяси жаңғыру бағытының мызғымастығы және ҚР-дың адам құқықтарын қамтамасыз етуге берік бейілділігі атап өтілді.
Қазақстанның сыртқы саясаты өзгеріссіз қалады. Ол прагматикалық әрі белсенді болып қала береді. Біз бұдан әрі де жаһандық және өңірлік істерде сенімді серіктес боламыз, - деді елші.
Іс-шараға қатысушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды одан әрі саяси, экономикалық және институционалдық жаңғырту жөніндегі батыл шешімдерін қолдап, қызу талқылады.
Грузияның «Geocase» аналитикалық ұйымының төрағасы Виктор Кипианидің айтуынша, Қазақстандағы оқиғалар жалпы Каспий-Қара теңіз аймағының қауіпсіздігі тұрғысынан қарастырылуда. Осыған байланысты барлық мүдделі тараптар Қазақстанға тез арада тұрақтандыруды тілейді, оның пікірінше, бұған ел басшылығы жүргізіп отырған саяси жаңғырту мен әлеуметтік блокта ғана емес, құқық қорғау жүйесінде де жүргізіліп жатқан құрылымдық реформалар ықпал ететін болады.
Саясаттану ғылымдарының докторы Гүлбаат Рцхиладзе тарих жаһандық дағдарыстан кейін ойлаудың жаңа дәуірі басталатынын көрсетеді деп атап өтті.
Біз мұны Қазақстанның үлгісінде байқап отырмыз. Қазақстан басшылығы қоғамда қордаланып қалған проблемаларды ашық және нақты атап өтіп, ең бастысы, мемлекеттік аппаратқа тиісті тапсырмалар бере отырып, нақты шешу жолдарын көрсетті. Саяси жүйені трансформациялау, экономикалық реформалар, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты жалғастырылатын болады. Мен Қазақстан халқының болашағы жарқын екеніне сенімдімін, - деді сарапшы.
Грузияның еңбек сіңірген журналисі, саясаттанушы Бадри Начкебийдің айтуынша, реформалар тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңді ашуда. ҚР басшылығының іс-қимыл бағдарламасының әлеуметтік бағыттылығы, атап айтқанда, «Қазақстан халқына» қор құрудың маңыздылығы атап өтілді.
Пікірталас барысында 2022 жылы дипломатиялық байланыстарының орнатылғанының 30 жылдығын атап өткелі отырған екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективалары да талқыланды.
Тараптар Қазақстандағы жаңа реформалардың екіжақты қатынастарының барлық өзара тиімді салаларын одан әрі жандандыруға өз ықпалын тигізетініне сенімдерін білдірді.
Қазақстанның Елшісі осы қиын-қыстау күндерде қазақстандықтарды қолдағаны үшін Грузия Үкіметіне, іскерлік ортасына және сарапшылар қауымдастығына алғысын білдірді.