Грузия астанасында жарылыс болды

Алматы, BAQ.KZ. 16 қаңтар күні кешке қарай Тбилиси шетіндегі тоғыз қабатты үйдің алтыншы қабатында жойқын жарылыс болды. Жарылыс салдарынан төрт адам қаза тапты, оның ішінде төрт жасар бала да бар. Тағы сегіз адам жарақат алған. Бұл туралы "Sputnik Грузия" хабарлады.


Жарылыстың салдарынан өрт болып, үйдің маңы қираған. Жарылыстың қатты болғаны сондай, оның толқынынан көрші үйдің терезелері сынған. Екі үйдің тұрғындары шұғыл түрде қауіпсіз жерге көшірілген.

"Имеди" телеарнасының мәліметінше, табиғи газдың шығуы жарылысқа себеп болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, күні бойы олар газ иісін сезген, алайда шақыртылған "Қазтрансгаз-Тбилиси" компаниясының қызметкерлері ешқандай олқылық таппаған.

Тбилисидің Төтенше жағдайлар бойынша қызмет басқармасының басшысы Андре Коджаидзе жарылыстан тұрғын үйдің алты қабаты бүлінгенін мәлімдеді.

Грузия ІІМ қайғылы жағдай бойынша тергеуді бастап кетті. Тергеу «Жобалау, құрылыс жасау және нысандарды электр, жылу, газбен қамтамасыз етуде ережені бұзу» бабы бойынша жүргізілуде. Полиция «Қазтрансгаз-Тбилиси» компаниясы қызметкерлерінен жауап алуда.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы