Гренландияға келген неміс әскерилері Трамптың қоқан-лоққысынан кейін аралды жедел түрде тастап кетті
НАТО-ның барлау миссиясы аясында Данияның шақыруымен 16 қаңтарда Гренландияға келген бундесвердің 15 әскери қызметкері жексенбі, 18 қаңтар күні аралдан шұғыл түрде кетіп қалды. Бұл АҚШ президенті Дональд Трамптың Германияға Копенгагенді аумақтық дауда қолдағаны үшін кедендік баж енгіземін деген мәлімдемесінен кейін орын алды. Бұл туралы BAQ.KZ DW-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Әскерилердің кетуі туралы бундесвердің жедел қолбасшылығының өкілі мәлімдеді. Ол миссияның мерзімінен бұрын тоқтатылғанын жоққа шығарды.
Барлау миссиясы өз нәтижесін берді, оған бәрі қанағаттанды. Қазір Германияда оның қорытындысы бағаланып жатыр, – деп жазылған хабарламада.
Барлау жоспарға сай аяқталды, – деп қосты әскери өкіл.
Оның айтуынша, неміс әскери қызметкерлері алдымен Рейкьявикке ұшып барып, одан әрі Копенгагенге аттанбақ.
Bild басылымы неміс әскерилерінің Гренландиядан «жасырын әрі асығыс кетуі» туралы жазған. Алайда кейінірек таблоид бұл ақпаратты жоққа шығарып, Германия Қорғаныс министрлігінің түсіндірмесін келтірді.
Аталған мәліметке сәйкес, 18 қаңтарға әскери қызметкерлердің Гренландия бойынша қосымша сапары жоспарланған, алайда қолайсыз ауа райына байланысты ол кейінге қалдырылған. Осы себепті әскерилер аралдан таңертең-ақ кеткен.
Bild дерегінше, бундесвердің Гренландиядағы миссиясы бар болғаны 44 сағатқа созылған. Басылымның жазуынша, аралдан кету туралы бұйрық 18 қаңтар күні таңертең Берлиннен түскен, алайда сол жерде жүрген әскери қызметкерлерге ешқандай түсіндірме берілмеген.
Deutschlandfunk радиосының еске салуынша, Германия Қорғаныс министрлігі бастапқыда барлау миссиясы 15–17 қаңтар аралығында өтетінін хабарлаған. Алайда сенбі күні миссияның нақты ұзақтығы белгіленбегені нақтыланған.
Бұған дейін Дональд Трамп 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Дания, Норвегия, Швеция, Франция, Германия, Ұлыбритания, Нидерланд пен Финляндияға 10 пайыздық кедендік баж салығын енгізетінін мәлімдеген. Ол 1 маусымнан бастап бұл тариф 25 пайызға дейін өсетінін ескертті. АҚШ президентінің айтуынша, бұл баждар Гренландияны сатып алу жөнінде келісімге қол жеткізілгенге дейін алынатын болады.
Еуропаның бірқатар елдерінің әскери қызметкерлері Гренландияға жаттығулар өткізу және болашақта әскер орналастыру мүмкіндіктерін зерделеу үшін келген. Әскерилер Вашингтонда Дания, Гренландия және АҚШ сыртқы істер министрлерінің кездесуі сәтсіз аяқталғаннан кейін жіберілген.
Данияның Гренландиядағы Біріккен арктикалық күштер қолбасшылығының басшысы Сёрен Андерсеннің айтуынша, НАТО-ға мүше еуропалық елдердің Гренландиядағы әскери жаттығулары тағы бірнеше айға созылады.
Қазіргі таңда біз 2026 жыл бойы, мүмкін 2027 жылға дейін үздіксіз жалғасатын ұзақ мерзімді жаттығуларды жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Андерсеннің сөзінше, АҚШ та НАТО-ның басқа елдері сияқты бұл жаттығуларға шақырылған. Қазіргі уақытта жаттығу аймағында тек француз әскерилері бар, ал өзге елдердің өкілдері мүмкіндіктерді бағалау үшін келген.