1 Қараша 2026, 08:10 Фото: airgreenland.com

Гренландия туристерді тарту үшін халықаралық әуежай ашты

Гренландия – Солтүстік Америка мен Еуропаның арасында орналасқан әлемдегі ең үлкен арал. Мұнда шамамен 56 мың адам тұрады. Арал Дания Корольдігінің құрамына кіреді, алайда кең автономияға ие.

Гренландияның «Айсбергтер қаласы» атанған Илулиссат қаласында жаңа халықаралық әуежай жұмысын бастады. Копенгагеннен ұшып келген алғашқы рейс аралға 169 жолаушыны жеткізді. Бұл туралы Associated Press басылымы жазды.

Жаңа әуежай ірі жолаушылар ұшақтарын қабылдауға мүмкіндік береді және аралдағы ең танымал туристік аймақтардың біріне жетуді жеңілдетеді. Бұған дейін саяхатшылар бұл жерге бірнеше рет ауысып міну немесе шағын ұшақтарды пайдалану арқылы қатынайтын.

Әуежай терминалының аумағы 5 мың шаршы метрді құрайды, ал ұшу-қону жолағының ұзындығы – 2,2 шақырым. Air Greenland әуе компаниясы 2027 жылдың жазғы маусымында Копенгагеннен аптасына алты рейске дейін орындауды жоспарлап отыр. Жаңа әуежайды Исландияның Icelandair әуе компаниясы да пайдаланбақ.

Билік өкілдері жаңа нысан туризмді дамытуға және экономика салаларын әртараптандыруға ықпал етеді деп үміттенеді. Өйткені арал экономикасы негізінен балық шаруашылығына тәуелді. AP мәліметінше, 2024 жылы Гренландияға 150 мыңға жуық турист барған. Бұл – 2018 жылмен салыстырғанда 65 пайызға көп. Дегенмен туризм саласының аралдың жалпы ішкі өніміндегі үлесі әзірге 5 пайыздан аз.

Гренландия – Солтүстік Америка мен Еуропаның арасында орналасқан әлемдегі ең үлкен арал. Мұнда шамамен 56 мың адам тұрады. Арал Дания Корольдігінің құрамына кіреді, алайда кең автономияға ие.

Соңғы жылдары Гренландия Арктикадағы стратегиялық орналасуы, табиғи ресурстары және аймаққа деген халықаралық қызығушылықтың артуы себепті әлем назарын аударып келеді.

Сонымен қатар жергілікті тұрғындар туристер санының артуы инфрақұрылымға қосымша салмақ түсіріп, Арктиканың нәзік табиғатына зиян келтіруі мүмкін деп алаңдайды.

Айта кетейік, бұған дейін Гренландияда қоры 13 миллиард баррельге дейін жетуі мүмкін мұнай кен орны табылғаны хабарланған болатын.