Гренландия АҚШ құрамына қосыла ма: Трамп әр тұрғынға 1 млн доллар уәде етті

НАТО-ның бас хатшысы Марк Рюттемен өткен келіссөздерден кейін Дональд Трамп Арктикадағы бұл аралды бақылауға алу жөнінде «болашақ келісімнің негізі» келісілгенін айтты. Оның сөзінше, Гренландия АҚШ қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие, деп хабарлайды BAQ.KZ Daily Mail басылымына сілтеме жасап.

АҚШ президенті Гренландияны күш қолдану арқылы басып алу нұсқасын жоққа шығарып, Даниядан бөлініп шығуға арал тұрғындарын көндіруге басымдық беріп отырғанын атап өтті.

Егер бұл ұсыныс жүзеге асса, стратегиялық маңызы бар аралдың 57 мың тұрғынының әрқайсысына 1 миллион доллардан төленеді. Бағдарламаның жалпы құны шамамен 57 миллиард долларды (≈ 42,5 миллиард фунт стерлинг) құрауы мүмкін. Салыстыру үшін айтсақ, бұл АҚШ-тың жыл сайынғы қорғаныс шығындарының (шамамен 800 миллиард доллар) аз ғана бөлігі.

Қаржылық қолдаудан бөлек, бұл бастама Гренландияның Дания субсидияларына тәуелділігін азайтып, арал экономикасын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Алайда төлем алу үшін тұрғындар референдум өткізуге келісуі тиіс және, болжам бойынша, АҚШ құрамына қосылуды қолдау үшін сайлаушылардың кемінде 60 пайызы «иә» деп дауыс беруі қажет.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, АҚШ президенті Дональд Трамп және НАТО Бас хатшысы Марк Рютте Гренландия келісімінің негізгі шарттарына келісті. Осыған байланысты Трамп 1 ақпаннан бастап жоспарланған жоғары баж салығын енгізуден бас тартты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы