ГРЕКО атқарушы хатшысы: Қазақстанды бағалаудың І раундын асыға күтемін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Джанлука Эспозито Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі жыл сайынғы Жолдауында айтылған жемқорлыққа қарсы бастамаларға қатысты пікірімен бөлісті. 

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жүйелі тұрғыда шара қабылдау мен алдын алу жұмыстарына ерекше мән бергенді құптаймын, – деп атап өтті ГРЕКО атқарушы хатшысы.

Осы тұрғыда сарапшы жемқорлықтың алдын алудың түп тамыры сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты бағалау және оны қатысушы елдерде нақты іске асыру негізінде жатқанын атап өтті.

Оның пікірінше, құқықтық мемлекеттің бұл өлшемі - сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда тиімділікке қол жеткізудің негізгі шарты. Өз кезегінде жемқорлыққа қарсы пәрменді шаралар қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырады және экономикалық өсуге ықпал етеді.

Эспозито мырза 2021 жылы Қазақстанды бағалаудың бірінші раундын тағатсыздана күтетінін атап өтті. Оның нәтижелері бойынша белгіленген стандарттар мен ГРЕКО-ның 20 жыл қызметі барысында жинақталған озық тәжірибені ескере отырып, заңнама мен тәжірибені жақсарту бойынша ұсынымдар ұсынылатын болады, - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Қазақстан өкілдері осы халықаралық аренадағы беделді бастамаға қосылған сәттен алғаш рет биыл 21-25 қыркүйекте өтетін пленарлық сессияға онлайн режимде қатысады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы