Грекияның бірқатар өңірінде өрт қаупінің ең жоғары деңгейі жарияланды
Билік тиісті мемлекеттік органдарды, муниципалитеттер мен өңірлік әкімшіліктерді дайындық деңгейін арттыруға шақырды. Әсіресе өрт қаупі жоғары және өте жоғары аймақтарға ерекше назар аударылмақ.
Грекияның Крит аралының бүкіл аумағында, сондай-ақ Оңтүстік Эгей аралдарына кіретін Родос пен Карпатос аралдарында өрт қаупінің бесінші, яғни ең жоғары деңгейі жарияланды. Бұл туралы Грекияның Азаматтық қорғау жөніндегі Бас хатшылығының өрт қаупі картасында көрсетілген.
Ал Аттика, Эвбея, Лесбос, Хиос, Самос, Икария, Киклад аралдары, Калимнос, Кос және Лакония өңірлерінде өрт қаупінің төртінші деңгейі — «өте жоғары» санаты белгіленді.
Билік тиісті мемлекеттік органдарды, муниципалитеттер мен өңірлік әкімшіліктерді дайындық деңгейін арттыруға шақырды. Әсіресе өрт қаупі жоғары және өте жоғары аймақтарға ерекше назар аударылмақ.
Синоптиктер кей жерлерде қатты желдің екпіні Бофорт шкаласы бойынша 8 баллға дейін жетуі мүмкін екенін болжап отыр. Бұл ықтимал орман өрттерін сөндіру жұмыстарын қиындатуы мүмкін.
Тұрғындарға құрғақ шөп пен бұтақтарды өртемеу, сондай-ақ ашық жерде ұшқын тудыруы мүмкін құрал-жабдықтарды пайдаланбау ескертілді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Грекияда бірнеше өңірді қамтыған орман өрттерімен күрес жүріп жатыр. Өрт салдарынан шамамен 100 үй қираған, сондай-ақ үш өрт сөндіруші қаза тапқаны хабарланған.