3 Тамыз 2026, 00:32 Фото: REUTERS/Stelios Misinas

Грекияда өрт сөндіру тікұшақтары соқтығысып, екі адам қаза тапты

Алдын ала мәлімет бойынша, Беотия өңірінде басталып, кейін Аттикаға тараған өртке электр желісінен шыққан ұшқын себеп болуы мүмкін.

Грекияда ірі орман өртін сөндіру жұмыстары кезінде екі өрт сөндіру тікұшағы әуеде соқтығысып, екі адам қаза тапты. Қайғылы оқиға Афинаның солтүстік-батысындағы Аттика өңірінде болды.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода екі тікұшақтың төмен биіктікте бір-біріне жақындап, кейін соқтығысқаны көрсетілген. Кадрларда төменгі тікұшақтың өртеніп құлағаны байқалады. Reuters агенттігі бұл бейнематериалдың түпнұсқалығын растамаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Беотия өңірінде басталып, кейін Аттикаға тараған өртке электр желісінен шыққан ұшқын себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты екі адам қамауға алынып, тағы бір күдіктіге іздеу жарияланған.

Өрт Порту-Гермено маңындағы тұрғын үйлерге қауіп төндіріп, Веница елді мекені мен әскери полигон аумағына дейін жеткен. Билік бірнеше елді мекенде эвакуация жариялап, шамамен 30 мың тұрғыны бар Мегара қаласын қорғауға күш салуда.

Грекия премьер-министрі Кириакос Мицотакис табиғат апатының ауқымы адам мүмкіндігінен асып түсетінін айтып, өртпен күреске жұмылдырылған барлық қызметтердің жұмысын жоғары бағалады.

Сонымен қатар, Кефалония аралында да жаңа орман өрті тіркеліп, бірнеше елді мекеннің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді.

Еуропаның өзге елдерінде де өрт қаупі сақталып отыр. Францияның оңтүстігінде желдің бағыты өзгеріп, орман өртінің таралу аймағы ұлғайды. Каркассон қаласы маңында жаңа өрт шығып, тас жол уақытша жабылды, ал жақын маңдағы саябақтағы жануарлар эвакуацияланды.

Испанияның орталық бөлігіндегі ірі орман өрттері негізінен бақылауға алынғанымен, кейбір өңірлерде өрт ошақтарын толық сөндіру жұмыстары жалғасуда.

Құрғақшылықтың салдары Еуропаның басқа елдеріне де әсер етуде. Дунай өзеніндегі су деңгейінің күрт төмендеуіне байланысты Венгриядағы жалғыз атом электр станциясы 40 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет жұмысын уақытша тоқтатты. Су тапшылығы кеме қатынасына, туризмге және электр энергиясын өндіруге де кері әсерін тигізіп отыр.