Грекияда орман өртеніп жатыр
Афины қаласы солтүстік-шығысқа қарай өршіген орман өрті салдарынан түтіннің астында қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.
Қатты ыстық пен аңызақ жел тілсіз жаумен күресті қиындата түскен.
Белгілі болғанадй, бір жарым мыңнан астам өрт сөндіруші мен оңдаған ұшақтар және тікұшақтар өртпен күресіп жатыр.
Барлық шұғыл қызметтер жедел түрде іске қосылған: полиция тұрғындарды ақпараттандырып, түтін мен өрттің жолында қалған елді мекендерден эвакуация жасауға көмектесуде.
Желдің бағыты сәт сайын өзгеруде. Түтін салдарынан тыныс алу қиындап барады. Көз алдымызда ештеңе көрінбей қалды. Көзіміз жасаурады. Өз үйімізді де көрген жоқпыз, одан 50 метр жерде болыппыз. Ештеңе көрмедік. Су шашқан тікұшақты да байқамадық, тек дыбыстарды естідік, - дейді өрт салдарынан үйін тастап қашуға мәжбүр болған тұрғындардың бірі.
Жексенбі күні Афины Брюссельден Еуроодақтың азаматтық қорғаныс механизмін басқа елдердің күшін біріктіріп, көлік шығындарын төлеуге жұмылдыру үшін көмек сұрауға мәжбүр болды.