Грекия 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салады
Грекия бұл бастама арқылы балаларды интернетте қорғауға қатысты Еуропаның ортақ саясатын қалыптастыруға да үлес қосуды көздейді.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салуды жоспарлап отыр. Жаңа талаптар Instagram, TikTok және Facebook сияқты платформаларға қатысты болады. Бұл туралы Euronews хабарлады.
Заң жобасын мемлекеттік басқару министрі Акис Скерцос, денсаулық сақтау министрі Адонис Георгиадис және цифрлық басқару министрі Димитрис Папастергью таныстырды. Құжат 13 қазанда парламент комитеттерінің қарауына ұсынылып, 22 қазанда жалпы отырыста талқыланып, дауысқа салынуы тиіс.
Жаңа ережелер бойынша платформалар пайдаланушылардың жасын тексеретін сенімді жүйелерді енгізуге міндеттеледі. Бұл үшін Kids Wallet және Gov.gr Wallet сервистерін пайдалануға болады. Сонымен қатар компанияларға талаптарға сай келетін өзге де технологияларды қолдануға рұқсат етіледі. Жас тексеру кезінде жеке деректердің құпиялығы сақталуға тиіс.
Грекия билігі бұл шараны балаларды интернеттегі қауіп-қатерден қорғау және әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдаланудың алдын алу мақсатында енгізіп отыр. Билік өкілдері мұндай әдет балалардың ұйқысына, зейініне және психикалық денсаулығына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
Талаптардың орындалуын ұлттық реттеуші органдар мен Еуропалық одақтың цифрлық қызметтер туралы заңнамасы аясындағы бақылау тетіктері қадағалайды. Ережелерді бұзған платформаларға санкциялар қолданылуы мүмкін.
Грекия бұл бастама арқылы балаларды интернетте қорғауға қатысты Еуропаның ортақ саясатын қалыптастыруға да үлес қосуды көздейді.