Грек-рим күресінің шеберлері жартылай финалға жете алмады

Сербия астанасы Белградта күрестен әлем чемпионатының кезекті жарыс күні өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Грек-рим күресінің шеберлері бозкілемге шығып, 55, 77 және 82 кг дейінгі салмақтағы финалистерді анықтады.

Ұлттық құрама палуаны Марлан Мұқашев 1/8 айналымда (55 кг) украиналық спортшыны ұтқан. Алайда ширек финалда 2 дүркін әлем чемпионы Эльданиз Азизлиге (Әзірбайжан) жол берді.

Демеу Жадыраев іріктеуде хорватиялық спортшы Антонио Каменьяшевичті, сосын, Тойлы Оразовты (Түркменстан) және былтырғы чемпионаттың финалисі Золтан Леваиды (Мажарстан) жеңді. Алайда ширек финалда 2019 жылғы Ослодағы әлем чепионатының күміс жүлдегері, Еуропа жеңімпазы Санан Сулеймановқа (Әзірбайжан) есе жіберді.

Ал Диас Қален 1/8 кезеңде ресейлік спортшы Әуес Гонибовқа қауқар таныта алған жоқ.

Айта кетейік, егер Марлан Мұқашев пен Демеу Жадыраевтың қарсыласы финалға шықса, онда қазақстандықтар жұбаныш кездесудеріне қатысады.

Есіңізге сала кетейік, Сербия астанасындағы палуандар додасы 24 қыркүйекте мәресіне жетеді. Осы аралықта 77 мемлекеттен жиналған 1000-ға тарта спортшы кім мықтыны анықтайды.

Чемпионатты бастаған еліміздің еркін күрес құрамасы тарихи нәтиже көрсетті. Ризабек Аймтұхан 92 кг салмақта қарсылас шақ келітрмей, Қазақстанға алғашқы алтынды алып келді. Ал Азамат Дәулетбеков (86 кг) екінші жыл қатарынан үздік үштікті түйіндеп, Париж Олимпиадасының жолдамасына ие болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы