Грек-рим күресінен халықаралық турнир өз мәресіне жетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада 7-9 мамыр күндері грек-рим күрсінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықарлық турнир өтті, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.


Байрақты бәсекеге Қазақстан, Ресей, Грузия, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен 250-ден аса спортшы жиналды.


2001-2003 жылғы жастар арасында өткен турнирде балуандар 55, 60, 63, 67, 72, 77, 82, 97, 130 келі салмақ дәрежелерінде бақ сынады.


Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте 5 алтын, 3 күміс, 13 қола жүлдемен Қазақстан жастар құрамасы бірінші орынға жайғасты. Екінші орынды 3 алтын, 2 күміс, 5 қола медальмен Грузия құрамасы иеленсе, үздік үштікті 1 алтын, 3 күміс, 1 қола жүлдемен өзбекстандық палуандар қорытындылады.


Жарысқа келген шет елдік команда өкілдері турнирдің ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді.


Біз бұл турнирге үшінші жыл қатарынан қатысып келеміз. Былтыр карантин салдарынан жарысқа қатыса алмадық. Осы жолы өзіміздің мықты құраманы алып келдік. Себебі бұл турнир Еуропа чемпионатының алдындағы дайындық турнирі. Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Барлығы ойдағыдай өтті. Ұйымдастырушыларға рахмет!, - деді Грузия жастар құрамасының бапкері Гогеля Томаз.



Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен халықаралық турнир карантин талаптарына сай жанкүйерсіз ұйымдастырылды. Бәсеке Qazsport арнасынан тікелей эфирде берілді.


Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медальдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы